Қымбатшылық алқымнан ала берсе, алдағы уақытта дамбал саудасы да тоқырауға түсті деген мәлімет жарияланып қалар?!
Бүгінде қарапайым халық бір бәтеңкені табаны тесілгенше сүйретуге мәжбүр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Қазір үй де көлік те өтпей жатыр деп бекер өкпелеп жүр екенбіз. Қымбат дүниені қойып, қара халық қарапайым аяқ-киім алуға ақша таппай жүр екен. Яғни, 2024 жылы аяқ-киім саудасы әдеттегіден екі есеге аз болған. Мәселен, 2023 жылы елімізге сырттан 44,4 млн дана кебіс кіргізілсе, былтыр 24,9 млн пар аяқ киім әкелінген.
Айлығы азық-түліктен артылмайтын ағайын бір бәтіңкені табаны тесілгенше сүйретуге мәжбүр. Менің өзім үш жыл бұрын алған қыстық етікті әлі киіп жүрмін.
Әзірге аяқ-киімнің ғана статистикасы шығыпты. Қымбатшылық алқымнан ала берсе, алдағы уақытта дамбал саудасы да тоқырауға түсті деген мәлімет жарияланып қалар?!», - деп журналист Диас Нұрақын желідегі парақшасында жазды.
Caravan.kz порталында жарияланған мәліметке сүйенсек, 2024 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында ішкі нарықта 25,2 млн жұп аяқ киім сатылған (спорттық, қорғаныс және ортопедиялық аяқ киімдерді қоспағанда). 2023 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш екі есеге жуық төмендеген – 45%-ға. Сондай-ақ ҚР СЖРА ҰСБ деректеріне сүйенсек, 2011 жылдан бергі ең төменгі деңгейге жеткен.
«Ішкі нарықтағы сатылуы» деп ресми статистикада елімізде өндірілген және шетелден әкелінген көлемнен экспортты шегергендегі соманы айтады – яғни, жыл бойы елде «қалған» тауарлар саны.
Жалпы, Қазақстанда қолжетімді аяқ киімнің барлығы дерлік – импорттық өнім: өткен жылы да, 2023 жылы да ресурстардағы отандық өндірістің үлесі небәрі 4%-ды құрады. Сондықтан ішкі нарыққа жеткізілімдердің көлемі импорт пен экспорт арасындағы теңгеріммен анықталады.
Бұл жолы үрдісті импорт орнатты. Егер 2023 жылы Қазақстанға шамамен 44,4 млн жұп аяқ киім әкелінсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 24,9 млн-ды құрап, жылдан жылға 44%-ға төмендеген. Бұл қандай аяқ киім екенін шамамен болжауға болады: сыртқы сауда туралы егжей-тегжейлі статистика жоғарыда келтірілген деректерден сәл өзгеше жіктеуді қолданады.
2024 жылы 30,6 млн жұп әкелінсе, оның алдыңғы жылы 55 млн жұп әкелінген. Мұндағы ең кең таралған категория – табаны бар және үстіңгі бөлігі резеңкеден немесе пластмассадан жасалған (су өткізбейтіннен басқа) аяқ киімдер. Осы категория бойынша көрсеткіштерді айтарлықтай төмендеген: өткен жылы 16,5 млн импортталса, ал 2023 жылы 32,1 млн импортталған.