Бірақ 2025 жылдың бірінші тоқсанының деректері бойынша, ондай үрдіс байқалмайды.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов брифингте қазақстандықтар депозитінде ақшаны қандай валютада сақтайтынын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Сүлейменов халықтың депозиттерге қатысты көзқарасын айтты. Оның сөзінше, былтыр қараша-желтоқсан айларында теңге қысымға ұшыраған кезде сарапшылар арасында теңгелік салымдардан валюталық депозиттерге жаппай ауысу болады деген болжамдар айтылған.
Бірақ 2025 жылдың бірінші тоқсанының деректері бойынша, ондай үрдіс байқалмайды. Адамдар теңгеге деген сенімін сақтап отыр. Теңгедегі салым мөлшерлемелері де инфляцияны жабуға жеткілікті деңгейде, бұл адамдарға нақты табысын сақтауға мүмкіндік береді, - деді ол.
Ұлттық банктің мәліметінше, қазіргі уақытта депозиттердің долларлану деңгейі 22,5 пайызды құрап отыр. Бұл - тарихи минимумға жақын көрсеткіш. Былтырдың үшінші тоқсанында бұл көрсеткіш 21,8% болған. Яғни өсім небәрі 0,7 пайызды құрайды. Бұл доллардың әлемдік нарықтағы нығаюымен байланысты.
Яғни, нақты долларға ауысу, жаңа шоттар ашу үрдісі жоқ. Адамдар ақшасын теңгеде ұстап отыр, - деді Ұлттық банк төрағасы.