Өткен аптада ОПЕК+ елдері мамыр айынан бастап мұнай өндіру квотасын тәулігіне 411 мың баррельге дейін арттыру туралы шешім қабылдады.
2025 жылдың сәуір айының басында ОПЕК+ ұйымының мұнай өндіру квотасын арттыру туралы шешімі, әсіресе КТК (Каспий құбыр консорциумы) инфрақұрылымына дрон шабуылдары жиілеген тұста, біраз сұрақ тудырады. Қазақ мұнайының келешегі не болмақ, экономикамызға қалай әсер етеді? Осы сұрақтар төңірегінде Skifnews.kz тілшісі сарапшылар пікірін біліп көрді.
Өткен аптада ОПЕК+ елдері мамыр айынан бастап мұнай өндіру квотасын тәулігіне 411 мың баррельге дейін арттыру туралы шешім қабылдады. Бұл шешімге қатысты пікір екіұшты. Бір жағынан, квотаның артуы мұнай бағасының одан әрі құлдырауына алып келуі мүмкін, ал бұл Қазақстан экономикасына теріс әсер етеді. Мұнай сатудан түскен табыс республикалық бюджетте маңызды рөл атқарып отырғандықтан, оның әлемдік нарықтағы бағасы ел үшін аса маңызды. Себебі біздің мемлекеттік қазына мұнайға тәуелді.
Жыл басынан бері мұнай бағасы шамамен 20 долларға арзандап, қазіргі таңда бір баррелі $64-65 шамасында саудаланып жатыр. Ал Қазақстанның 2025-2027 жылдарға арналған үш жылдық бюджеті мұнай баррелі $75 деңгейінде болады деген есепке құрылған.
Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұловтың сөзінше, КТК-ға жасалған дрондар шабуылы, қазақстандық мұнайдың тасымалына әсер ете қойған жоқ.
– Кропоткин мұнай айдау станциясын екі ай ішінде қалпына келтіреміз деп уәде берілді (дрон шабуылдарына байланысты станция жөндеуге тоқтатылған – ред.), бірақ бұл қазақстандық мұнайдың тасымалдануына айтарлықтай әсер еткен жоқ. КТК бұл станцияны айналып өтіп, мұнайды басқа бағытпен жіберген, сондықтан ешқандай мәселе туындамаған.
– Тасымал тарифі де өзгерген жоқ, өйткені КТК аясында бірыңғай тариф қарастырылған және бұл оператордың жауапкершілігі, – деп түсіндірді Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов.
Мұнай және газ саласының сарапшысы Асқар Исмаиловтың сөзінше, бағаның құлдырауынан ел экономикасы сөзсіз зардап шегеді.
– Қысқа мерзімді перспективада бұл ең алдымен мемлекеттік бюджет кірісінің азаюына алып келеді. Себебі пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық, экспорттық баж салығы және мұнай компанияларынан түсетін дивидендтер кемиді. Ал валюталық түсімнің қысқаруы теңгеге девальвациялық қысым түсіріп, саланың инвестициялық белсенділігіне де кері соғуы мүмкін, – дейді маман.
Бірақ бұл жағдай тек қауіп емес, стратегиялық бетбұрыс жасауға да мүмкіндік. Сарапшы бағаның төмендеуі ел ішінде өңдеу саласын жедел дамытуға түрткі болуы керек екенін жеткізіп, бюджет пен Ұлттық қор жайына да тоқталды.
– Бюджет пен Ұлттық қор мәселесіне келсек, бағаның қысқамерзімді ауытқуы, әрине, кіріске әсер етеді. Бірақ Ұлттық қор дәл осындай сәттер үшін құрылған, яғни, тек жинақтауға емес, жағдайды реттеп отыру үшін де қажет. Маңыздысы – қор «жыртығымызды жамауға» ғана емес, құрылымдық реформаларды қолдау мақсатында пайдаланылуға тиіс.
Бұл тұрғыда біз тек «қалай аман қаламыз» деген сценариймен шектелмей, «қалай пайда көреміз» деген сценарийге көшуіміз керек. Егер мемлекет пен бизнес реактивті емес, проактивті түрде әрекет етсе, бағаның төмендеуі жаңа салаларды іске қосатын бастамаға айналуы мүмкін, – деді Асқар Исмаилов.
Сондықтан Қазақстан үшін күн тәртібінде экспорттық маршруттарды әртараптандыру мен ішкі мұнай өңдеу өнеркәсібін дамыту ең өзекті міндет болып қалып отыр. Бұл сыртқы факторларға тәуелділікті азайтып, елдің ресурстарынан барынша пайда табуға мүмкіндік береді.