31.10.2025, 10:15

Мыңдаған қазақстандық банктерге шағымданды: халық неге қаржы ұйымдарына сенбейді?

Фото: РБК

Күн сайын ондаған азамат несие, банкроттық және қаржы алаяқтарының құрбаны болғанын айтып келеді.

Соңғы жылдары банк пен халық арасындағы сенім сынға түсті. «Amanat» партиясының қоғамдық қабылдауына биылғы жылдың он айында 100 мыңнан астам өтініш түскен. Соның бес мыңға жуығы  банктердің жұмысына қатысты. Бұл  жай ғана статистика емес. Яғни  қазақстандықтардың қаржы жүйесіне деген сенімінің әлсірегенін көрсететін нақты айғақ, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. Партияның орталық аппаратының сарапшысы Мөлдір Дәулетова айтуынша, халықтың негізгі шағымы  шамадан тыс қарыз жүктемесі мен алаяқтық әрекеттерге қатысты.

«Күн сайын ондаған азамат несие, банкроттық және қаржы алаяқтарының құрбаны болғанын айтып келеді. Бір ғана мысал  бір әйелдің атына алаяқтар түрлі банктерден 18,6 млн теңге көлемінде несие рәсімдеген. Ол адамдар телефон арқылы хабарласып, келген СМС кодтарды сұраған. Сол кодтарды айтып жіберген соң, оның атына бір емес, бірнеше қарыз рәсімделген»,  дейді Дәулетова.

Қазір сол әйел өз атына несие алынбағанын дәлелдей алмай жүр. Ал бұл оқиға  ел бойынша күн сайын қайталанып жатқан мыңдаған жағдайдың бірі ғана. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне соңғы екі жылда банкке қатысты шағымдар үш есеге артқан. Бұл көрсеткіш  халықтың банк алдындағы қорғансыз күйін ашып көрсетеді. Несиеге тәуелді қоғам Экономист Қажыкелді Шамбыл бұл жағдайды қоғамның несиеге тәуелді болып кетуімен байланыстырады. «Қазір несие алу  қалыпты өмір салтына айналды. Біреу тұрмыстық техника алады, енді бірі той өткізеді. Бірақ адамдар несиенің мәнін, пайыздық жүктемесін толық түсінбейді. Ал банк тек өз пайдасын ойлайды. Нәтижесінде борышкер көбейіп, әлеуметтік қысым күшейеді», дейді сарапшы. Оның айтуынша, банктердің көпшілігі азаматтарға қаржылық кеңес бермейді. Көп жағдайда клиент не қол қойып жатқанын толық түсінбей келісімге келеді.

«Банктер клиентке түсіндірме жұмысын жүргізуге міндетті. Бірақ іс жүзінде ондай әңгіме болмайды. Несиенің шарттары ұсақ әріппен жазылады, адамдар оны оқымайды. Сосын дау-дамай басталады»,  деп түсіндіреді Шамбыл.

Астаналық Меруерт Мамырбекова  сондай мысалдың бірі. Ол декреттік демалысқа шыққаннан кейін, төлем кестесін өзгертуге өтініш білдірген. Бірақ Halyk Bank оның өтінішін қабылдамаған.

«Мен тек уақытша жеңілдік сұрадым. Бірақ банк бас тартты. Кейін шоттарымды бұғаттап тастады. Қазір менің жалғыз табысым бала күтіміне арналған жәрдемақы. Сол ақшаның өзі бұғаттаулы тұр»,  дейді Меруерт.

Мұндай жағдайлар көп. Халық банкке өтініш білдірсе де, нақты көмекке қол жеткізе алмайды. Ал қарызды кешіктірсе, есепшоттар бұғатталып, тіпті жалақы да қолжетімсіз болып қалады. Мөлдір Дәулетова мұндай мысалдардың жиіленгенін айтады. Сарапшылардың пікірінше, басты себеп банк пен халық арасындағы диалогтың жоқтығы. Экономист Серік Қасымов мәселенің түп-тамырында қаржылық сауаттың төмендігі мен банктердің жауапсыздығы жатқанын айтады.

«Қазақстанда несиелеу мәдениеті қалыптасқан, бірақ қаржылық жауапкершілік мәдениеті қалыптаспады. Адам несиені оңай алады, бірақ оны басқаруды білмейді. Ал банктер әлеуметтік жауапкершілікті ұмытып кетті. Қазір банктердің басты мақсаты  табыс, ал клиент тек сандардың бір бөлігі ғана», дейді ол.

Қасымовтың айтуынша, банктер халықпен жұмыс істеудің жаңа форматына көшуі тиіс.

«Банк тек несие беруші емес, қаржы серіктесі болуы керек. Ол адамдарға қаржылық жоспар құруды, тәуекелді бағалауды үйретуі тиіс. Егер банк тек ақша беріп, жауапкершілікті клиентке аударса, сенім ешқашан орнамайды», дейді сарапшы.

Мемлекет не істей алады?

Бүгінде банктерге қатысты шағымдарды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарайды. Бірақ көп жағдайда олардың шешімі ұзаққа созылады. Заңгер Айгерім Омарова бұл бағыттағы құқықтық механизмдерді жетілдіру қажет екенін айтады.

«Қазір банк пен клиент арасындағы дауда халық көбіне ұтылады. Себебі заң банкті көбірек қорғайды. Ал азаматтың құқықтық сауаты төмен. Егер мемлекет осы теңсіздікті азайтпаса, мұндай шағымдар азаймайды», дейді ол. Айгерімнің сөзінше, банктердің борышкерлерге қолдау көрсететін жүйесін заң жүзінде бекіту қажет.

«Еуропада банк қарыз алушының жағдайын ескермей, оның табысын толық бұғаттай алмайды. Ал бізде банк кез келген сәтте шотты жауып тастайды. Бұл  адам құқығына қарсы әрекет», деп түйіндеді заңгер. Мыңдаған шағым  жай ғана сан емес, қоғамның көңіл күйінің көрінісі. Халық банктерден адалдық, түсіністік және әділдік күтеді. Банктердің міндеті пайда табумен қатар, сол сенімді қайта орнату. Сенім кез келген қаржы жүйесінің ең қымбат капиталы. Егер ол жоғалса, ешқандай пайыздық мөлшерлеме де, жаңа бағдарламалар да экономиканы құтқара алмайды.