20.02.2026, 11:30

43 трлн теңге қарыз: қаржы жүйесіндегі жасырын қауіп

Фото: Kazpravda.kz / Адильбек Тауекелов

Қазақстанның банк секторында соңғы жылдары байқалған өсім сырт көзге қарқынды дамудың айқын көрінісіндей әсер қалдырады. 

Жиынтық несие портфелі 43,5 трлн теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 21,3 пайызға ұлғайды. Бұл, сөзсіз, ауқымды көрсеткіш. Алайда құрғақ статистиканың ар жағында ел экономикасының нақты тынысы мен халықтың төлем қабілеті тұрғанын ескермеуге болмайды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бір қарағанда, банктер экономиканың қозғаушы күшіне айналғандай көрінеді. Қарыз алушыларға берілген несиенің жалпы көлемі 42,3 трлн теңгеге жетті. Оның 24,8 трлн теңгесі – жеке тұлғалардың мойнындағы берешек. Демек өсімнің негізгі бөлігі халық есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл банктер табысының артуымен қатар, азаматтардың борыштық жүктемесі де күшейіп келе жатқанын аңғартады.

Соңғы жылдары қаржы ұйымдары бөлшек несиелеуге айрықша басымдық берді. Тұтынушылық қарыз, бөліп төлеу, онлайн-кредит – барлығы жеңіл рәсімделеді, жылдам мақұлданады. Бірақ дәл осы қолжетімділік халықты қаржылық тәуекел аймағына жақындатып барады. Қарыз алу мәдениеті толық қалыптаспай жатып, несиелік тәуелділік белең алды. Банктердің табысы артқанымен, елдегі нақты табыс деңгейі дәл осындай қарқынмен өсіп отырған жоқ.

Заңды тұлғаларға берілген несиелер де айтарлықтай ұлғайды. Алайда бұл қаражаттың қаншалықты өндірісті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталғаны – өз алдына бөлек мәселе. Егер несие айналым қаражатын толықтыруға немесе бұрынғы берешекті жабуға жұмсалса, мұндай өсім экономиканың сапалы дамуына серпін бере алмайды.

Ірі банктер арасындағы бәсеке тіпті күшейе түсті. Кейбір қаржы ұйымдарының несие портфелі бір жылда 30–50 пайызға дейін ұлғайған. Мұндай қарқын тұрақты дамудың белгісі ме, әлде нарық үлесін агрессивті түрде кеңейтудің көрінісі ме – бұл сұраққа салқынқанды талдау қажет.

Тағы бір өзекті мәселе – пайыздық мөлшерлеме. Қазақстанда несие құны әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Банктер мұны ресурс бағасының қымбаттығымен түсіндіреді. Алайда жоғары маржа есебінен алынатын табыс көлемі де рекордтық деңгейге жеткені жасырын емес.

Банк жүйесінің тұрақтылығы – ел экономикасының қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Сондықтан несие портфелінің өсуін тек жетістік ретінде бағалау біржақты пікір болар еді. Қаржы ұйымдарының міндеті – пайда табумен шектелмей, экономиканың сапалы дамуына ықпал ету.