02.04.2026, 09:30

Банктер байып жатыр, халық қарызға батып жатыр: 2 айда 388 млрд теңге пайда кімге қызмет етіп отыр?

Фото: Казправда/ Адильбек Тауекелов

Қазақстанның банк секторы 2026 жылдың алғашқы екі айын ірі табыспен жапты.

Екінші деңгейлі банктердің жиынтық таза пайдасы 388,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 3,5%-ға өскен. Қарапайым тілмен айтқанда – қаржы жүйесі тағы да табыс үстіне табыс қосып отыр. Бірақ бұл өсімнің артында нарықтағы теңгерімсіздік күшейіп бара жатқаны байқалады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ең қызығы – нарықтағы негізгі ойыншылардың өзі табысын төмендетіп бастаған. Halyk Bank (-12,9%) көрсеткіштері төмендеген. Бұл банктер әлсіреді деген сөз емес. Керісінше, олар нарықта несие беруді баяулатып, тәуекелді қысқартуға көшкенін көрсетеді. Яғни, табыс бар, бірақ оны бұрынғыдай «оңай ақша» арқылы көбейту қиындап барады.

Ал кейбір банктер керісінше, күрт серпіліс көрсетті. Freedom Bank Kazakhstan былтырғы шығыннан кейін биыл пайдаға шықты. Nurbank табысын 125%-ға арттырса, Citibank Kazakhstan корпоративтік сегментте тұрақты өсім сақтап отыр. Бұл – нарықта табыс қайта бөлініп жатқанын аңғартады.

Бірақ негізгі сұрақ басқа: осы жүздеген миллиард теңге халықтың жағдайын жақсартуға қаншалықты әсер етіп жатыр? Банктер пайдасын өсіріп жатқанда, несие шарттары қатаңдап, пайыздық жүктеме азайған жоқ. Керісінше, жаңа талаптар арқылы қарапайым азаматқа несие алу барған сайын қиындап барады.

 

Мысалы, Otbasy Bank табысының 25,1%-ға төмендеуі тұрғын үй нарығындағы салқындауды көрсетеді. Бұл – халықтың ипотекаға қол жеткізу мүмкіндігі әлсіреп жатқанын білдіреді. Яғни, банк жүйесі табыс тауып отыр, бірақ баспана мәселесі шешілмей тұр. Жалпы тренд анық: банктер тәуекелді азайтып, өз табысын сақтауға көшкен. Ал бұл саясаттың салмағы қарапайым клиентке түседі. Қарыз алу қиындайды, талап күшейеді, бірақ пайыздар айтарлықтай төмендемейді. Сарапшылардың айтуынша, егер қаржы секторындағы бұл теңгерімсіздік жалғаса берсе, банктер мен халық арасындағы алшақтық одан әрі ұлғаяды. Қарапайым тілмен айтқанда – банктер табыс табуды жалғастыра береді, ал халық сол табыстың «көлеңкесінде» қалады.

Қазақстандағы банк жүйесінің тағы бір әлсіз тұсы – табыстың негізгі бөлігі нақты экономикадан емес, халықтың қарызынан құралып отыр. Тұтынушылық несиелердің үлесі жыл сайын өсіп келеді, ал бизнеске берілетін ұзақ мерзімді қаржыландыру әлі де жеткіліксіз. Банктер үшін халыққа қарыз беру – ең оңай әрі ең табысты жолға айналған.

Сонымен қатар, банктер енгізіп жатқан жаңа талаптар да сұрақ туғызады. Қарыз алушыларға қойылатын шектеулер күшейіп, табысты растау талаптары қатаңдады. Бірақ осының бәрі пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуіне әкелген жоқ. Яғни, тәуекел азайтылып жатыр, бірақ клиент үшін жағдай жеңілдеген жоқ. Тағы бір мәселе – банктердің «қос табыс» моделі. Бір жағынан олар жоғары пайызбен несие береді, екінші жағынан комиссиялар мен түрлі ақылы қызметтер арқылы табысын арттырады. Қарапайым клиент үшін бұл – көзге көрінбейтін қосымша шығын.