21.08.2026, 09:30

«Тегін», «комиссиясыз» деп жарнамалау қиындайды: банктерге жаңа талап қойылды

Фото: creditsdaily.ru

Қазақстанда банктер мен өзге де қаржы ұйымдары жарнамада комиссияларды, қосымша төлемдерді және қаржы өнімінің тәуекелдерін ашық көрсетуге міндеттеледі.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі енгізген жаңа талап бойынша енді клиент үшін маңызды шарттарды ұсақ қаріппен жазып, көзге түспейтін жерге орналастыруға немесе аудио-бейнежарнамада асығыс айтып өтуге болмайды. Егер банк несие құнын немесе ай сайынғы төлемді көрсетсе, сыйақы мөлшерлемесімен бірге жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін, тарифтерді, комиссияларды және шартта қарастырылған өзге төлемдерді де көрсетуі тиіс, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бір қарағанда, бұл жарнаманы реттеуге қатысты кезекті техникалық өзгеріс сияқты көрінуі мүмкін. Алайда мәселе әлдеқайда тереңде жатыр. Жаңа талаптардың пайда болуының өзі қаржы нарығында клиентке өнімнің артықшылығын барынша анық көрсетіп, ал оның нақты құнын анықтайтын шарттарды екінші қатарға ысыру мәселесі бар екенін аңғартады.

Банк жарнамасындағы басты проблема – өтірік ақпараттың берілуі ғана емес. Көп жағдайда жарнамадағы мәлімет формалды түрде дұрыс болуы мүмкін. Бірақ клиент шешім қабылдау үшін қажет ақпараттың бәрін бірдей көрмейді. Ірі әріппен «тиімді несие», «төмен мөлшерлеме», «комиссиясыз» деген ұсыныс беріледі де, оның қандай шартпен қолжетімді екені кейін белгілі болуы ықтимал. Сөйтіп, жарнамадағы тартымды ұсыныс пен клиент қол қоятын шарттың арасында елеулі айырмашылық пайда болады.

Сондықтан жаңа ережедегі ең маңызды талаптардың бірі – банктің бір төлемнің жоқ екенін айтып, қалған шығындарды жасыра алмауы. Мәселен, белгілі бір комиссия алынбағанымен, клиенттің басқа тариф немесе шарт бойынша шығыны болуы мүмкін. Мұндай жағдайда «комиссиясыз» деген бір ауыз сөз қаржы өнімінің шын мәніндегі құнын толық сипаттамайды.

Несие таңдағанда тұтынушы үшін номиналды сыйақы мөлшерлемесінен гөрі жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің маңызы жоғары. Өйткені ол қарыздың нақты құнын бағалауға мүмкіндік береді. Бірақ қарапайым азамат жарнамадағы бірнеше пайыздық көрсеткіштің айырмасын әрдайым ажырата бермейді. Қаржы ұйымы кәсіби терминдерді жақсы біледі, ал клиент көбіне ай сайын қанша төлейтінін ғана есептейді. Осы ақпараттық теңсіздік банк пен қарыз алушы арасындағы қарым-қатынастың ең әлсіз тұстарының бірі болып отыр.

Жаңа талап осы теңсіздікті азайтуды көздейді. Енді қаржы өнімі туралы ақпарат арнайы экономикалық немесе қаржылық білімі жоқ адамға да түсінікті болуы қажет. Бұл өте маңызды қағида. Себебі банк қызметін пайдаланатын азаматтың қаржыгер болуы міндетті емес, ал банк өз өнімінің нақты бағасын түсінікті жеткізуге міндетті.

Тағы бір маңызды өзгеріс жеңілдетілген мөлшерлемелерге қатысты. Банктер төмен пайызды немесе арнайы комиссияны жарнамаласа, жеңілдіктің қанша уақытқа созылатынын, оған қол жеткізу үшін қандай талаптарды орындау керектігін және жеңілдік аяқталған соң қандай стандартты шарттар қолданылатынын көрсетуі керек. Бұған дейін жарнаманың негізгі екпіні көбіне ең тартымды көрсеткішке түсетін. Ал оның уақытша екені немесе белгілі бір шарттар орындалғанда ғана берілетіні кейін анықталуы мүмкін еді. Мұндай тәжірибенің экономикалық салдары бар. Адам қаржы өнімінің толық құнын түсінбей несие алса, өзінің болашақ төлем қабілетін де қате бағалауы ықтимал. Бір клиент үшін бұл артық шығын болса, мыңдаған қарыз алушы деңгейінде мәселе халықтың шамадан тыс кредиттелуіне, мерзімі өткен берешектің өсуіне және отбасылық бюджетке түсетін салмақтың артуына ұласады. Сондықтан жауапкершілікті тек қарыз алушыға жүктеу дұрыс емес. Әрине, азамат келісімшартты оқуға, төлем кестесін есептеуге және өзінің қаржылық мүмкіндігін бағалауға тиіс. Бірақ банк – нарықтың кәсіби қатысушысы. Оның ақпараттық, технологиялық және заңгерлік мүмкіндігі қарапайым клиентпен салыстыруға келмейді. Демек, қаржы өнімін түсінікті әрі толық түсіндіру жауапкершілігінің үлкен бөлігі де қаржы ұйымының мойнында болуы заңды. Әсіресе цифрлық банкинг дамыған қазіргі жағдайда бұл мәселе өзекті. Бұрын несие алу үшін бөлімшеге барып, менеджермен сөйлесіп, бірнеше құжатқа қол қою қажет болса, қазір кей өнімдерді смартфон арқылы санаулы минутта рәсімдеуге болады. Қызметтің жылдамдауы клиентке қолайлы болғанымен, шешім қабылдау уақытын да қысқартты. Бірнеше батырманы басып қарыз алу оңайлаған сайын, оның барлық салдарын алдын ала түсіндіретін ақпараттың сапасына қойылатын талап та күшеюі керек.

Банктер үшін жарнама – жай ғана ақпарат тарату құралы емес, жаңа клиент тартудың маңызды тетігі. Сондықтан жарнамада өнімнің жағымды жағын көрсетуге коммерциялық мүдде бар. Ал реттеушінің міндеті – сол коммерциялық мүдде тұтынушының толық әрі дұрыс ақпарат алу құқығынан жоғары тұрмауын қамтамасыз ету.

Жаңа талаптардың аудио және бейнежарнамаға дейін нақты жазылуы да бекер емес. Ескерту мәтінін экранның төменгі жағына өте ұсақ қаріппен бірнеше секундқа шығару заң талаптарын формалды түрде орындаған болып көрінуі мүмкін. Бірақ көрермен оны оқып үлгермесе, мұндай ақпараттың практикалық құны жоқ. Енді маңызды шарттарды басқа бейнемен бүркемелеуге немесе дыбыстық әсермен естіртпей жіберуге болмайды. Яғни талаптың мәні ақпараттың жарнамада жай ғана болуы емес, оның адамға шын мәнінде жетуі болуы тиіс.

Дегенмен жаңа нормалардың қабылдануы мәселені автоматты түрде шешпейді. Негізгі сұрақ – олардың қалай орындалатынында. Егер бақылау тек жарнамада қажетті сөздердің бар-жоғын тексерумен шектелсе, банктер бұрынғы тәсілдерді жаңа талаптарға бейімдеп алуы мүмкін. Сондықтан реттеуші ақпараттың формалды түрде көрсетілгенін ғана емес, оның қаншалықты түсінікті, анық және салыстыруға қолайлы берілгенін де бағалауы қажет.

Тағы бір мәселе – банктердің ұсыныстарын өзара салыстырудың күрделілігі. Бір банк төмен мөлшерлемені алға шығарса, екіншісі комиссияның жоқтығын айтады, үшіншісі алғашқы кезеңдегі жеңілдікті ұсынады. Нәтижесінде тұтынушы қай өнімнің ақыр соңында арзанырақ түсетінін бірден анықтай алмайды. Сондықтан нарыққа тек «ақпаратты жасыруға болмайды» деген талап жеткіліксіз. Негізгі көрсеткіштерді барынша бірізді форматта ұсыну клиенттің бірнеше банктің өнімін салыстыруына мүмкіндік берер еді.

Қаржы нарығындағы бәсеке жарнаманың тартымдылығымен емес, өнімнің нақты шарттарымен жүруі керек. Егер несие қымбат болса, оның құны ашық көрсетілгені жөн. Егер төмен мөлшерлеме тек белгілі бір кезеңге арналған болса, бұл бірінші ақпараттың қатарында тұруы тиіс. Егер «комиссиясыз» өнімнің басқа міндетті төлемдері болса, клиент оны келісімшартқа қол қояр алдында емес, жарнаманы көрген сәтте білуі қажет.

Банктердің клиент алдындағы жауапкершілігі несие берілген сәтпен аяқталмайды. Қаржы ұйымдары халықтың қаржылық мінез-құлқына тікелей ықпал етеді. Жарнама арқылы қарыз алуды барынша жеңіл әрі тәуекелсіз әрекет ретінде көрсету қысқа мерзімде банкке клиент әкелуі мүмкін, бірақ ұзақ мерзімде халықтың борыш жүктемесін ұлғайту қаупін күшейтеді. Сондықтан жауапты кредиттеу несие өтінімін мақұлдаудан ғана емес, оны қалай жарнамалаудан басталуы керек.

Жаңа талаптардың тағы бір маңызды тұсы – өткен кезеңдегі табыстылықты жарнамалау тәртібі. Егер қаржы ұйымы бұрынғы нәтижелерді көрсетсе, дәл сондай табыс болашақта қайталанатынына кепілдік жоқ екенін ескертуге міндетті. Бұл әсіресе инвестициялық сипаттағы қаржы өнімдерінде маңызды. Өткен жылғы жоғары табыс келесі жылғы нәтижені білдірмейді, ал клиент мұны жарнаманың негізгі мазмұнынан-ақ түсінуі қажет.

Түптеп келгенде, мәселе ұсақ қаріптің көлемінде ғана емес. Әңгіме банктер мен клиенттер арасындағы сенім туралы болып отыр. Азамат қаржы өнімін аларда оның қанша тұратынын, қандай тәуекелі барын және қандай жағдайда шығыны көбейетінін бірден түсіне алмаса, нарықтағы ашықтық туралы айту қиын.

Сондықтан жаңа талаптарды банктерге қойылған кезекті шектеу ретінде емес, қаржы нарығындағы қалыптасқан тәжірибені өзгертуге жасалған қадам ретінде қарастырған жөн. Ендігі өлшем қарапайым болуы керек: клиент жарнаманы бір рет көргеннен кейін өнімнің тек артықшылығын емес, оның нақты бағасы мен негізгі тәуекелдерін де түсінді ме? Егер түсінбесе, демек ақпарат әлі де жеткілікті ашық берілген жоқ.

Қазақстандық банктер технология, мобильді қосымша және қызмет көрсету жылдамдығы бойынша бәсекеге қабілетті болуға ұмтылып келеді. Енді сол бәсеке ақпараттың ашықтығына да көшуі тиіс. Клиентке несие рәсімдеуді бірнеше минутқа дейін қысқартқан банк оның нақты құнын түсіндіруге келгенде бірнеше секундты үнемдемеуі керек.

Қаржы нарығы үшін ең қымбат ресурс – сенім. Ал сенім тартымды ұраннан емес, клиентке барлық шартты жасырмай айтудан басталады.