12.09.2014, 04:36

Отандық шаруалардың несиесі 443,6 млн. теңгеге арзандады

Сурет: dknews.kz

«ҚазАгро» отандық шаруалардың несиелерін арзандатуға 443,6 млн. теңге көлеміндегі субсидия жұмсалатынын мәлім етті, деп хабарлайды Skifnews.kz.

«ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің несие мен лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін арзандату бағдарламасына қатысуға үміт білдірген  489 қарызгердің (605 несие/лизинг шарты) өтінімі мақұлданды. Бұл өтінімдерге сай отандық ауылшаруашылық кәсіпкерлерінің несие мен лизингісін арзандатуға 443,6 млн. теңге көлеміндегі субсидия бөлінді.

Субсидиялау шарттарына келер болсақ, 227 «Ауыл шаруашылығын қолдауға берілетін кредиттер және лизинг бойынша сыйақы ставкасын өтеу» республикалық бюджеттік бағдарламасы биыл екінші рет іске асырылуда. Бұл қолдау шарасы «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында қолданысқа енгізілген.