06.04.2017, 06:02

ОҚО-ның Жусансай ауылында 7 жылдан бері бірде-бір қылмыс, ажырасу деректері тіркелмеген

Оңтүстік Қазақстан облысында Жусансай деген ауыл бар. Аса үлкен емес. Барлығы 625 шаңырақта 1200-ден астам тұрғын бар. Қызығы сол, мұнда соңғы 8 жылдан бері не арақ, не темекі сатылмайды. Нәтижесінде 7 жылдан бері елдімекенде бірде-бір қылмыс тіркелмеген деп жазады Nur.kz тілшілері.

Ауылда алкоголь мен темекіні сатудан бас тарту бастамасын көтеріп, оны жүзеге асырғандардың бірі Әбдуәлі Қарымбай ақсақал. Ол билер кеңесінің басшысы. Осыдан 8 жыл бұрын Жусансайда орын алған қайғылы жайттан кейін осындай шешімге баруға тура келді дейді қария. Нақтысын айтқанда, 2009 жылы араққа сылқия тойған ауыл тұрғыны көлігімен ағайынды екі баланы қағып өлтіріп, сотталған болатын. Бұл оқиға тек жусансайлықтардың емес, бүкіл Оңтүстік жұртының есінде ұзақ уақыт сақталды.

Содан бері ауылда адамды мас қылатын спирттік ішімдіктердің бірде-бір түрі, никотин өнімдері мүлдем сатылмайды. Дүкен иелерін бұған ешкім мәжбүрлемеген. Ауыл билері мен имамы тұрғындардың басын қосып, бірауыздан осындай шешімге келген екен.

«Жастар бірден келісе кетті. Әйелдер де қос қолдап қолдады. Тек орта жастағы ер азаматтар ғана біраз қарсылық білдіріп отырып алды. Бірақ, әңгіме барысында олардың да көзін жеткіздік. Өзім мүлдем ішпеймін, шекпеймін. Есесіне денсаулығым еш сыр берген емес, жасым 63-ке келді», - дейді Әбдуәлі ақсақал.

Жусансайда есесіне бәрі қымыз ішеді. Әрбір шаңырақ бие байламаса да, ауылда сауылатын қымыз бүкіл үйге жеткілікті. Той-жиындардың бәрінің дастарханы "халал".

Ауыл биінің айтуынша, полицейдің, психолог-мамандардың жұмысымен ақсақалдардың өздері айналысады. Өйткені, қылмыс жоқ. «Әрине, тентектеріміз бар. Бірақ, оларды әйелдерінің өздері-ақ полицияға жеткізбей тәрбиелеп алады. Оның үстіне билердің кеңесі бар, тәртіпсіздіктер болса осында шешіледі. Сондықтан, қылмысты айтпағанда, ауылымызда ажырасу деректері де болмаған», - дейді Әбдуәлі Қарымбай.

Қазіргі таңда Жусансайдың тәжірибесін көрші Аққойлы мен Сарытоғай ауылдары қабылдап жатыр.