Жуырда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілі жазушылар — Бексұлтан Нұржекеев, Дулат Исабеков және Смағұл Елубайды қабылдаған болатын. Кездесуде Мемлекет басшысының таяуда жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының кейбір бағыты мен басымдықтары сөз болды. Сонымен қатар, Тәуелсіздік жылдарында іске асырылған ірі шығармашылық жобалардың маңызды мәселелері, Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды қалпына келтіруге септігін тигізген «Мәдени мұра» бағдарламасы, сондай-ақ, әлемнің жетекші архивтерінен еліміздің тарихына қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинақтап, талдау жүргізуге мүмкіндік берген «Халық тарих толқынында» бағдарламасы талқыланды.
Әңгіме барысында ел өмірінің мәдени-гуманитарлық саласымен қатар, қоғамдық-саяси саладағы кең ауқымды мәселелерді қозғаған Елбасы латын әліпбиіне көшу, демографиялық ахуал, көші-қон саясаты, үш тілде білім беру жүйесін енгізу туралы да жан-жақты әңгімеледі. Кездесу соңында Елбасы өнердің, шығармашылықтың ел-жұрт пен бүкіл қоғам өмірінде маңызды орын алатынын айта келіп, зиялы қауым өкілдеріне сәттілік тіледі, сондай-ақ, оларға ел тәуелсіздігін нығайтуға қосқан үлестері үшін алғысын білдірді. Бізде белгілі қаламгерлерге телефон шалып, кездесуден алған әсері туралы айтып беруін өтінген едік.
Қазақты әлемге танытатын әдеби мұраларымыз жетеді
Дулат ИСАБЕКОВ
– Елбасымен болған кездесуде латын әліпбиіне көшу мәселесі сөз болды. Мәселен, кириллицамен жазылған қаншама тарихымыз, әдебиетіміз бар. Осылардың барлығын латын әрпіне кім түсіреді? Сөзсіз, оған бірнеше институттар керек болады. Биыл бірінші сыныпқа барған бала, латынмен оқып, мектеп бітіргенде, кириллицаны танымай кетеді. Сонда ол бала өткен тарихымызды қалай білмек? Бір ғана М.Әуезовтің 50 томы бар емес пе? Қалған шығармалар қайда қалады? 700 жазушымыз бар деп мақтанамыз. Бұл – бір.
Екінші мәселе, Елбасыға латынға тек қазақтар ғана көше ме деген сұрақ қойылды. Егер қазақ мектебі көшіп, орыс мектептер қалыс қалса, болашақ ұрпағымызды екіге бөлу болмай ма? Неге десеңіз, қазақ балаларының 70-80 пайызы орыс мектептерінде білім алады. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлынан ел аумағындағы түгел мектеп латын тіліне аударылады деген тұщымды жауап алдық.
…Тіл мәселесі, оның ішінде қаза тілінің мәртебесі туралы ойлар ортаға салынды. Өкінішке орай, бүгінде өзге театрларда қазақ авторларының туындылары сахналанбайды. Бірлі-жарым көрінеді, бірақ, қойылмайды десек те болады, әсіресе, орыс драма театрларында. Лермонтов атындағы орыс драма театры қазақ драматургтерінің спектекльдерін қоймайды. Қазақ драматургиясы ондай деңгейге көтерілген жоқ деп есептей ме? Түсіне алмадым. Қазақ халқы толерантты боламыз деп, көбінесе өзімізді сыйлата алмайтын жалтақтау халықпыз ғой, талап қоя алмаймыз, жасқаншақпыз. Біздің сондай халық екенімізді біліп менсінбей ме, бірлі-жарымы болмаса, көбі қазақ драматургтерінің шығармаларын қоймайды. Ал біздің қазақ театрлары орыс драматургтерінің шығармаларын кеңінен қояды… Осының бәрі тіл мәселесіне қатысты.
…Еліміздің сыртқы имиджін экономика, саясатпен емес, рухани байлығымызбен, ұлттық дәстүрімізбен игеретін кез жетті. Қазақты әлемге танытатын спорт пен мәдениет қана емес. Сонымен бірге, әдеби мұраларымыз.
«Мемлекет қорғауындағы ескерткіш» деген тақтаның жоқтығы айтылды
Бексұлтан НҰРЖЕКЕЕВ
– Шыны керек, біздің Елбасымен болған кездесуімізді ұйымдастырушылар соңына дейін құпия сақтап келді. Елбасының қабылдауында болатынымызды Астанаға барып қана білдік. Кездесуде әңгімені Мемлекет басшысы өзі бастады. Мұнда көтерілген барлық мәселе елге қатысты, Елбасының жақында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жөнінде өрбіді. Өз басым Елбасыға көкейде жүрген үш мәселе туралы баяндадым. Соның бірі — «Туған жер» бағдарламасы туралы болды.
Қазақ елінің тарихында неше түрлі қиын-қыстау, ауыр жағдайлар, халқымыздың рухын көтерген, кейінгі ұрпаққа үлгі болатындай ұлы жеңістер де болды. Аталарымыздың жаумен шайқастағы ерліктері ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып тарап, осы күнге дейін жұрттың жадында жатталып қалды. Солардың бірі — Орбұлақ шайқасы. Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына байланысты Орбұлақ шайқасының 350 жылдығын атап өту туралы Елбасының Жарлығы шыққан болатын. Бұл ретте Алматы облысы Панфилов ауданындағы Белжайлау алабында ұлы жеңістің 350 жылдығына арналған той өткізілді. Ұрыс болған жердің атауы — Орбұлақ, ал оқиға Орбұлақ шайқасы деп аталып, гранит тастан белгі қойылған. Бірақ, қазір бұл мақтанышымызды осы аймақтың басшылары өз дәрежесінде ұстап отыр ма деген сұрақ қойдым. Неге десеңіз, сол маңдағы ескерткіш қараусыз қалып, құрып барады. Сол жерге мемлекеттің қорғауындағы ескерткіш деген тақтаның жоқтығын айттым. Отандық тарихнамада әлі күнге дейін Жәңгір хан тұлғасына қатысты бірізділік жоқ. Әлі күнге дейін Жәңгір хан жатқан жерге бір тақтай қоя алмадық. Содан кейін туған жердің қастерлейтін ұлдары бар. Мәселен, біздер, дәлірек айтқанда, Жаркент өңірі, Әбілхан Қастеев, Дәнеш ағаларымызды мақтан тұтамыз. Ол күллі қазақтың мақтанышы. Бұл ретте Елбасыға Жаркентке кіріп барғандағы көлденең жатқан көшені Ә.Қастеевтің атына беру керектігін айттым. Жаркенттегі басты көшелерді осы екеуіне беру керек. Мұны көрген ұрпақ бұдан тәрбие алады. Елге қызмет еткен адамды елі осылай құрметтеуі керек деген пікір білдірдім…
Елбасыға Яссауи тұлғасы жайында жазылған сценарийімді ұсындым
Смағұл ЕЛУБАЙ
– Мемлекет басшысымен болған кездесудегі әңгіме Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының төңірегінде өрбіді. Кездесуде көп мәселе қозғалды. Соның бірі – үштілділік еді. Әркімнің бойында үміт пен күдікті тудырып отырған бұл мәселені көпшілік қауым қолдап отыр деп айту қиын. Әрине, ешбір ата-ана баласының үш тілді меңгеріп шығатынына қарсы болмайды. Мәселе – мемлекеттік тілдің жағдайы не болмақ?! Қазақты алаңдатып отырған осы мәселе. Ол-ол ма, «үштілділік» деген сөз құлаққа «Қазақстанда үш мемлекеттік тіл бар» дегенді айтып тұрғандай естіледі, құлаққа түрпідей тиетіні сөзсіз. Бүкіл балабақшада барлық балалар ұлтына қарамай, мемлекеттік тілде тәрбие алуы керек. Қазақ тілінде білім беруді балабақшадан бастау керек. Қазақтың тілін білген ұрпақ, кейін тарихын да, менталитетін де білетін болады. Қазақстандық патриотизм оянады. Сонда ғана тіл проблемасы күн тәртібінен алынып тасталынады. …Елбасының бір идеяның төңірегінде топтасқан «қазақстандық ұлт» болуы керек дегені көңілге қонымды дүние болды. Расымен, Қазақстанда тұратын барлық халықтар бір идеяның төңірегінде топтасқанда ғана біздің айдарымыздан жел есетіні анық дегенді тілге тиек еттік.
…Әрбір екі не үш жыл сайын бір тарихи жобаның жасалып тұру керектігін айттық. Өйткені, біз тарихтан ажырап қалған халықпыз. Яссауи туралы сценарий жаздым. Өйткені, А.Яссауиді қырғыздар өздеріне, ал өзбектер өздеріне тартып жатыр. Түркімендер Ашхабадта Яссауиге арнап ескерткіш те ашып қойды. Осы А.Яссауи туралы үлкен тарихи кинотуынды шығармасақ, оның біреудің қанжығасында кетпеуіне кім кепіл?! Елімізде халқымызға жат, дәстүрсіз діни идеология асқындап тұрған кезде біздің соған қарсы тұра алатын ұлттық дәстүріміздің ұлы тұлғалық идеологиясын қоюымыз керек. Сөйтіп, кездесу барысында Елбасыға соңғы бір жылғы еңбегімді ұсындым. Егер ол еңбегімді Нұрсұлтан Әбішұлы мақұлдап, батасын берсе, кинотуынды жасау іске асады деген ойдамын.