Қазақстан халқының саны 18 миллион адамға жетті. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өтіп жатқан Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында айтты.
"Қазақстан халқының саны 1 шілдеде 18 миллион адамды құрағанын хабарлаймын. Жыл сайын елімізде 400 мың сәби дүниеге келеді. Аллаға шүкір, осы жылдар аралығында қазақстандықтардың санын сақтап қала алдық. 1991 жылы ел тәуелсіздігін жариялағанда қазақтардың үлесі небәрі 40 пайызды құрайтын. Қазір Қазақстан халқының 70 пайызын қазақтар құрап отыр", – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, құрылтай жұмысына барлығы 750 делегат пен қонақ қатысуда. Оның 350-і әлемнің 39 елінен келіп отыр. Олар - ғылыми-шығармашылық және педагогикалық зиялылар өкілдері, бизнес, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары салаларының мамандары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері. Құрылтай делегаттары мен қонақтарының 80 пайызы мұндай іс-шараға алғаш рет қатысып отыр.
Құрылтай 22-25 маусым күндері аралығында өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы шараның ерекшелігі - шетелде жетістікке жеткен жас қазақтардың көптеп шақырылуы.