23.06.2017, 11:40

1500 жылдық тарихы бар домбыра Қазақстанға қайтарылды

Осыдан 1500 жыл бұрын жасалған көне домбыра Қазақстанға жеткізілді. Бұл туралы бүгін Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді. Елбасының айтуынша, бүгінде шетелде қазақ халқына тиесілі көптеген тарихи жәдігерлер бар. Қазір отандық ғалымдар сол мұраларды елге қайтарудың жолдарын қарастырып жатыр.

"Жуырда ғалымдарымыздың бірі 1500 жылдық тарихы бар домбыраны тауып, отанымыға алып келді. Домбыраның бетінде көне түрік тілінде жазылған "Жұпар күй әуені сүйсіндірді" деген жазуы бар. Домбыра мен қазақтың күйі 15 ғасыр бұрын да әлемдік мәдениеттің деңгейінде болған. Енді қаншалықты терең зерттеген сайын осындай құнды жәдігерлеріміздің де саны соншалықты артатын болады", - деді Н.Назарбаев.

ҚР Президенті "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында да көптеген тарихи жауһарлардың табылғанын тілге тиек етті.

Айта кетейік, құрылтай жұмысына барлығы 750 делегат пен қонақ қатысуда. Оның 350-і әлемнің 39 елінен келіп отыр. Олар - ғылыми-шығармашылық және педагогикалық зиялылар өкілдері, бизнес, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары салаларының мамандары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері. Құрылтай делегаттары мен қонақтарының 80 пайызы мұндай іс-шараға алғаш рет қатысып отыр.