$ 448.15  483.46  4.86

Латын әліпбиін құрастыруға шымкенттік IT мамандары да атсалысуда

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланғанына 3 айдай уақыт өтті. Осы уақыт аралығында сарапшылар, қоғам белсенділері мен депутаттар Президенттің аталған еңбегін халық арасында түсіндірсе, мақаладағы кейбір тапсырмалар жүзеге аса бастады.

Атап айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы аясында талай ауыл-аймаққа жол тартылып, көгалдандыру жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ, халықтың әлеуетін арттыру үшін қалталы азаматтар өзге де игі істердің басы-қасында жүр.

Ал, «Латын әліпбиіне көшу», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Қазақстанның киелі жерлерінің картасы» сынды ұзақмерзімді жобаларды жүзеге асыру жұмыстары енді басталды. Осы орайда, ұлттық әліпбиімізді кириллицадан латын қаріптеріне көшіру бойынша көптеген ұсыныстар айтылып отыр. Ғалымдар, филолог мамандар және қарапайым әуесқойлар әліпбидің өз нұсқаларын ұсынып, республикалық комиссия оларды іріктеуде.

Ал, осы уақытта Шымкентте IT саласының мамандары осы латын әліпбиіне өтудің ең тиімді жолдарын ортаға салды. Жас мамандар облыс әкімдігі ұйымдастырған «Хакатон» хакерлік марафонына қатысып, өзара мықтыларды анықтаған болатын. Сайыс кезінде шымкенттік өнертапқыш Қуаныш Рысқұлов латын қаріпіне көшу кезінде кездесетін қиындықты жеңетін әдісін ұсынып, 1 млн теңгені қанжығасына байлады.

Естеріңізге сала кетейік, ІТ мамандары арасында өткен конкурс облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен осыдан бір ай бұрын жарияланған болатын. «Хакатон» марафоны Елбасы саясатын қолдау мақсатында қолға алынған жоба.

Шараға студенттер, оқушылар, жас өнертапқыштар мен түрлі деңгейлі ІТ мамандардан құралған 50 адам қатысқан. Олардың ішінен 8 ІТ маманның жобасы үздік деп танылған.

Қуаныш Тұрсынқұлұлының ақпараттық технологиялар саласында 8 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол бұған дейін бірнеше компьютерлік бағдарламалар әзірлеп, Алматы, Астана қалаларындағы өткен республикалық додаларда топ жарған. Байқау қазылары Қуаныштың жобасын дер кезінде әзірлеген қажетті бағдарлама деп таныпты.

Алдағы уақытта крилицианы латын қаріпіне лезде ауыстыратын бағдарламаға қаржы бөліп, кең көлемде қолданысқа енгізу жоспарланып жатыр. Ұйымдастырушылар мұндай жобаның алдағы уақытта жалғасын табатынын айтады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары