Биыл Алматы қаласы Наурызбай ауданының құрылғанына 3 жыл толды. Ауданның негізі 2014 жылдың 2 шілдесінде қаланған болатын. Үш жыл ішінде Наурызбай ауданы біршама өзгерісті бастан өткерді. Ал осы уақыт аралығында бұл ауданның экономикалық көрсеткіші қалай өзгерді? Тұрғындардың әлеуметтік жағдайы қандай? Бұл туралы Sn.kz сайтының тілшісіне Наурызбай ауданы әкімдігі аппараты ресми мәлімет берді.
Наурызбай ауданының құрамына Алматы облысының 11 жергілікті пункті мен Қалқаман-1,2,3,4 ықшамаудандары кіреді. Жалпы аумағы – 6967 гектар. Ал 2016 жылдың 1 мамырдағы санағы бойынша халық саны – 101 008 адам. Ауданның экономикалық жағдайы күн санап жақсарып келеді. Оған ресми көрсеткіштер айғақ бола алады. Мәселен, үш жылдың ішінде салық түсімдері 391 миллион теңгеден 5 миллиард теңгеге дейін өскен. Негізгі капиталдағы инвестиция көлемі де үш есеге артып, 7 миллиардтан 22 миллиардқа дейін жоғарылапты.
«Бүгінгі таңда ауданда іске қосылған, халықты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған 15 өнеркәсіп бар. Оның біреуі орта, қалғаны кіші өндіріс орындары. Негізінен кәсіпкерлік құрылыс материалдары мен ағаш өнімдерін жасауға бағытталған. Осы жылдың қаңтар-сәуір айларындағы өнеркәсіп өнімдерінің бағасы 1 млрд. 922 млн. теңгеге жетті. Яғни, үш жылдың ішінде өнеркәсіп өнімдерінің пайдасы 2 есеге көбейген деген сөз», - дейді Наурызбай ауданы әкімі Сайфеденов Сайран Тәпенұлы.
Кәсіпкерлікті дамыту мен оған қолдау көрсету бойынша да аудан көш ілгері келеді. Оған мысал келтіре кетейік. Үш жылда кіші және орта кәсіп иелері 4 есеге ұлғайып, 1500 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал тұрғындардың орташа айлығы 1,5 есеге артқан. Ірі және орта бизнес саласында жұмыс істеушілер саны 1996-дан 4034-ке дейін өсе түскен. Кіші және орта бизнестен жиналған түсім жалпы салықтың 60,3%-ына тең болыпты. Ауданның 2017 жылдың қаңтар-сәуір айларындағы тауар айналымы 1,6 млрд. теңгеге жеткен екен. 2014 жылмен салыстырсақ, бұл екі есе көп көрсеткіш. Енді Алматы қаласы кәсіпкерлігін қолдаудың 2015-2019 жылдардағы Картасы бойынша аудан 2 жобаны іске қоспақшы. Бұл жобалар бойынша жүзден аса адамға жұмыс орны ашылмақ.
Халық үшін тағы бір маңызды сала – қоғамдық көліктің ыңғайлылығы мен қауіпсіздігі. Сондықтан, әкімдік оған баса назар аударып отыр. Қазір Наурызбай ауданында 16 қоғамдық көлік жолаушылар тасымалдайды. Жол жөндеуге де жіті мән беріліп, қазіргі уақытта 10 көшенің жолы, жалпы аумағы 72,4 шақырым жерге асфальт төселген. Оған 1 млрд.614 теңге жұмсалыпты. Бұл жол жөндеу жұмыстарының тек басы ғана.
Әкімшілік қызметкерлері жергілікті тұрғындармен жиі кездесіп тұрады. Соның ішінде пәтер иелерінің кооперативтерінің мәселелелері де күн тәртібінде қаралады. Жиындарда ықшамаудандарда қордаланған мәселелер талқыланып, қиындықтарды шешуге тырысады. Аудан бойынша 156 үйдің басын қосқан кооператив бар екен. Оған қоса, көппәтерлі үйлердің айналасын көгалдандыру мен тазалық жұмыстарын бақылауға да жергілікті орган жауапкершілік алады. Ойын алаңдары мен спорт нысандары соңғы жылдары көптеп салына бастады.
«Аудан бойынша әлеуметтік жағынан аз қорғалған 19 102 адам бар. Ал мүмкіндігі шектеулі жандардың саны - 1665. Үш жыл ішінде олардың 1519-ы көмек сұрап келді. Соның ішінде 1186-сына толықтай әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, аудан құрылғаннан бергі уақытта 3662 адамға әлеуметтік-қаржылық қолдау қажет болды. Жалпы алғанда тұрғындардың әлеуметтік жағдайы зерттеліп, үнемі қадағалауда болады», - дейді Наурызбай ауданы әкімі Сайфеденов Сайран Тәпенұлы.
Бүгінгі таңда ауданда 71 медицина орталығы бар. Жақында жаңадан емхана ашылды. Емханалар мен ауруханаларда тұрғындарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үш жылдық қорытынды бойынша аудан алға қойған, жоспарланған шаруаларды жоғары деңгейде атқарып шығыпты.
Г.Сембиева