Семей қаласындағы Горнизондық офицерлер үйінде өзге ұлттан құралған әскери қызметшілер арасында «Мемлекеттік тіл –менің тілім!» байқауы өтті деп жазады Egemen.kz. Жылда дәстүрге айналған байқаудың мақсаты – Ұлттық Ұлан сапында ел мүддесі жолында қызмет етіп келе жатқан өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттырып, қазақ тілін жіті меңгеруін марапаттау.
ҚР Ұлттық Ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының, баспасөзбен байланыс қызметінің бастығы Бағдат Амангелдінің айтуынша, байқауға ҚР Ұлттық Ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығынга қарасты 5511(Семей), 6679 (Павлодар), 5518, 3477, 6699 (Өскемен), 3514 (Курчатов) әскери бөлімдерінен келген әскери қызметшілері қатысып отыр. Байқау үш кезеңнен тұрады.
Байқауға ҚР Ұлттық Ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, қазылар алқасының төрағасы, полковник Ниязтай Әлкешев, ҚР Ұлттық Ұланы Бас қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстары бас басқармасының тіл саясаты және ақпарат бөлімінің аға офицері капитан Жанарбек Мұқатов және тағы басқалары қазылық етті.
Байқау қорытындысы бойынша Өскемен қаласындағы 3477 әскери бөлімінің келісім-шарт бойынша қызметшісі, қатардағы Евгений Отадчий жүлделі бірінші орынды иеленсе, 5518 әскери бөлімінің кіші сержанты Константин Ивашкевич екінші орынға шықты. Ал Павлодар қаласындағы 6679 әскери бөлімі атынан бақ сынаған қатардағы Андрей Седунов Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен үшінші дәрежелі диплом және бағалы сыйлықпен марапатталды.
Айта кету керек, жүлделі бірінші орыннан көріне білген Өскемен қаласындағы 3477 әскери бөлімінің келісім-шарт бойынша қызметшісі, қатардағы Евгений Отадчий Вячеславович күзде ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының ұйымдастыруымен өтетін «Мемлекеттік тіл –менің тілім» атты республикалық байқауға қатысатын болды.