$ 498.34  519.72  4.85

Алатау ауданы: әлеуметтік-экономикалық өсім деңгейін салық түсімдерінен байқауға болады

Жергілікті тұрғындар саны 220 мыңнан асатын Алматының Алатау ауданының соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері өсе түскен. Оны салық түсімдерінің деңгейінен байқауға болады. Мәселен, 9 жыл  ішінде ауданның салық түсімдері 6,5 млрд. теңгеден 22 млрд. теңгеге дейін артыпты. Оның ішінде республикалық бюджетке түскен салық үлесі 3,7 млрд. теңгеден 12,6 млрд. теңгеге дейін көбейген.

Алатау ауданында 23 ықшамаудан бар. Ал жеке кәсіпкерлер саны 20190-ға жетіпті. Аудан аумағында 179 өнеркәсіп кәсіпорны орналасқан. Өнеркәсіп кәсіпорындары құрылыс, тамақ  және жеңіл өнеркәсіп саласына бағытталған. Өткен жылдармен салыстырғанда құрылыс индустриясы және тамақ өнеркәсібі өндірісі көрсеткішінде өсім бар. Оған қоса, ауданның өнеркәсіп кәсіпорындары өндіріске жаңа инновациялар мен өндірістік жоғарғы технологияларды енгізуді қолға алған.

Ауданның өнеркәсіп саласындағы басты жетістігі ретінде «Индустриалды орталықтың» салынуын атап өтуге болады. Соңғы 9 жылда ауданның 15-ке жуық кәсіпорны Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға және «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік конкурс-көрмесіне қатысып, 2011-2016 жылдар аралығында «Масло Дел», «АВЗ», «Буран-Бойлер» және «Полипласт-Строй» ЖШС-тері өз салалары бойынша жеңімпаз атанған. Аудан кәсіпорындары халықаралық ИСО, НАССР, Кайдзен стандарттары бойынша жұмыс істейді. Айта кетерлігі, мұндай стандарттарды енгізген кәсіпорындар шет мемлекеттерге өнім шығара алады.  

Сауда айналымы да жыл сайын дамып келеді. Мысалы, ауданның жалпы тауар айналымы 889 млн. теңгеден 772 млрд. теңгеге жетіп, ондағы бөлшекті сауда үлесі 230 млрд. теңге, ал көтерме сауда 542 млрд. теңге болған. 

«Жалпы, Алатау ауданында 9 жылда 223 шақырым электр желілері жүргізілді. Ауданды табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында, 9 жылда 276 шақырым магистральді газ құбырлары тартылып, оған 2 млрд. 294 млн. теңге бөлінді. Сонымен қоса, емхана, балабақшалар мен мектептер, тұрғын үйлер және басқа да нысандар құрылысына бюджеттен 152 млрд. теңге аударылды», - дейді аудан әкімі Шахмерден Рыспаев.

Елдімекендерді жарықтандыру бағдарламасына сәйкес, 169 көшеге жарық шамдары орнатылған. 2017 жылы су басудың алдын алу мақсатында «Теплоэнергетик» және «Энергостроитель» саяжайларының аумақтарынан өтетін жалпы ұзындығы 4790 м. су арнасын қайта жаңарту басталды.

Аудан бойынша 27 білім беру мекемесі бар. Түлектер екі жыл қатарынан Ұлттық Бірыңғай Тестілеуден жоғарғы көрсеткіштерге ие болған. Бүгінгі күні Алатау ауданында 5 денсаулық сақтау мекемесі мен 7 жеке емдеу-сауықтыру мекемелері халыққа қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта 350 орынға арналған көпсалалы аурухананың құрылысы басталмақ. Медициналық көмек көрсетілуі үшін емханалар бойынша науқастарды емдеуге бағытталған 104 квота беріліп отырады.

Ауданда 14 450 зейнеткер, 24 соғысының ардагері және тылда жұмыс істеген 751 ардагер бар. Ауданның тұрмыс деңгейі төмен азаматтары мен зейнеткерлерге, мүгедектер мен жұмыссыз адамдарға бір жолдық материалдық көмек көрсетіліп тұрады.

«Қазақстан Республикасының «Балалы отбасына берілетін мемлекеттік жәрдемақы туралы» Заңына сәйкес, аудандық бөлімнен 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін жәрдемақы 276 отбасының 918 балаларына тағайындалған. Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі «Қазақстан Республикасында  мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңына сәйкес, 62 адам санаторлы-курорттық емдеуге, 262 адам ортопедиялық орталыққа жолдама алды. Сондай-ақ, 390 мүгедек санитарлық гигиеналық құралдармен, 260 мүгедек жеке көмекшілермен, 15 мүгедек ым-тіл мамандарымен, 42 мүгедек қозғалыс құралдарымен, 7 мүгедек тифлоқұралмен, 29 мүгедек сурдотехникалық құраладармен қамтамасыз етілді», - дейді аудан әкімі Шахмерден Сыртбайұлы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары