$ 498.34  519.72  4.85

Алматының Ғылым ордасында «Алаш Орда және ұлт-азаттық идеясы» конференциясы өтті

Алаш Орданың 100 жылдық мерейтойына орай Алматыда «Алаш Орда және ұлт-азаттық идеясы»  атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.  Шараға алаштанушы  ғалымдар, тарихшылар, ЖОО ректорлары, мекеме басшылары мен студенттер қатысты.

Ұлттық тарихымызда маңызды орын алатын Алаш қозғалысы – ірі саяси қоғамдық қозғалыс, сонымен қатар халқымыздың рухани-мәдени өрлеуіне айрықша ықпал ететін үлкен оқиға.

Жалпы, конференцияның мақсаты «Алаш» партиясының тәуелсіздік жолындағы қызметін кең көлемде дәріптеу, белгісіз тарих ғұмырында зерттелмеген Алаш қайраткерлерінің қазақ қоғамын дамытуға қосқан үлесін насихаттау.  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлтымыздың құндылықтарын  жастар арасында  жаңғырту.  Сондай-ақ, мұрағаттық құжаттарды саралап, ғылыми айналымға ендіру. Шараны Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырып отыр.

Конференцияға қатысушылардың қатарында – ҚР ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов, ҚР ҰҒА-ның академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев,  ҚР Президенті архивінің директоры Борис Жапаров,  ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, ф.ғ.д., профессор Ісімақова Айгүл, «Арыс» қорының президенті, ф.ғ.д. Ғарифолла Әнес  және тағы басқа белгілі ғалымдар мен басшылар болды. Қатысушылар алдын-ала дайындаған баяндамаларын оқып, ұсыныстарын білдірді.

Жиын соңында осы баяндамаларды талқыланып, ғалымдар бірқатар шешім қабылдады.

  1. Алаш қозғалысы тарихын және Алаш қайраткерлерінің рухани мұраларын одан әрі тереңдетіп зерттеу;
  2. Ғылыми зерттеу институттары мен ЖОО әлеуметтік гуманитарлық пәндер кафедраларының оқу және ғылыми зерттеу жұмыстарының жоспарларына Алаш қайраткерлерінің өмірлерін, қоғамдық саяси қызметтерін, шығармашылық мұрасын зерттеуді қосу;
  3. Білім және ғылым министрлігі, Жастар конгресі, студенттер альянсы (келісімі бойынша) ЖОО студенттерінің Алаш қозғалысы қайраткерлеріне арналған ғылыми жұмыстарының конкурсын жыл сайын ұйымдастыру;
  4. Алаш қозғалысына арналған студенттер мен оқушылардың ғылыми-практикалық конференциясын өткізу;
  5. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар аясында Алаш қайраткерлерінің есімдерін мәңгі есте қалдыруға бағытталған әлеуметтік жобаларды қолдау.

Осы тұрғыда, «Арыс» қорының президенті, ф.ғ.д. Ғарифолла Әнес:

- «Алаш партиясының» жариялануын жаңа сьез бойынша 2017 жылдың 25 желтоқсанында бес-ақ күн тойланатынын және оны сіз бен біз болып, осы қасиетті шаңырақта 2018 жылды  «Алаш жылы», - деп мемлекеттік деңгейде болмаса да  өз ортамызда кеңінен тойлауды ұсынды. Себебі, қазіргі үлкен мәселелердің бірі ұлттық құндылықтар, дәстүрлер, ұлттық тарих тек тарихшыларға, жазушыларға қажет сияқты. Сол себептен басқа саладағы  химиктер, физиктер, математиктер де осы Алаш мәселесін қозғаса, тарихымызды дәріптесе, - дей отырып, Х.Досмағамбетовтың ІІІ томдық кітабын ҚР Ұлттық Ғылым академиясы президенті Мұрат Жұрыновқа сыйға берді.

 Конференция барысында баяндамашыларға кітаптар сыйлыққа беріліп, бірнеше алаштанушы ғалымға медаль табысталды.

- Алматы қаласы әкімдігі Алаш партиясының 100 жылдық мерейтойы аясында бірнеше іс-шараларды ұйымдастырды. Соның бірі  А.Байтұрсыновтың музей-үйіне 120 жыл толуына орай аталған ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, еңбегі 1000 дана тиражбен жарық көрді. Бүгінгі конференцияның соңы кешкісін М.Әуезов атындағы театрда Алашордаға арналған қойылыммен аяқталады, - деп мәлімдеді Алматы қалалық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Данияр Ғалиев.

Айымхан Әмірбекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары