Қазақстан халқы тілдерінің күніне орай Астанада «Менің тілім – ұлы дала рухы» деген атаумен мерекелік рухани кеш өтті. Бейбітшілік және келісім сарайында өткен шараны Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырып отыр.
Мерекелік кеш басталысымен қазақ тілінің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар патриот азаматтар Астана әкімінің «Тіл тұғыры» құрмен грамотасымен марапатталды. Олар бұған дейін мемлекеттік тілдің дамуына атсалысып отансүйгіштікті, елжандылықты ұлықтап жүрген, ұлттың рухани құндылықтарын жаңғыртып жүрген, қоғамға ой саларлықтай ықпалы бар, елдің алдында жүрген, ұлы далаға рух берген тілімізді көтеріп жүрген Астана тұрғындары.
Сонымен қатар, шара барысында қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары:Алтынай Жорабаева, Ибрагим Ескендір, Маржан Арапбаева, Қуандық Рахым және басқа да ел өнерпаздары патриоттық әндерін шырқап, қазақстандықтарды қазақ тілін құрметтеуге, оны үйренуге шақырды. Сондай-ақ, шара барысында фестиваль аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпараттық-насихаттық бейнесюжеттер келушілердің назарына ұсынылды.
Жалпы, аталған іс-шараға тіл жанашырлары, ел зиялылары, депутаттар, ардагерлер, қаланың құрметті азаматтары, қала басшылығы, белсенді жастар, қала тұрғындары мен қонақтары және БАҚ өкілдері қатысты.
Айта кетейік, Астана қаласында жыл сайын қыркүйек айында Қазақстан халқы тілдерінің қалалық фестивалі ұйымдастырылып, оның аясында барлық мекемелерде бір ай бойы түрлі іс-шаралар өткізіледі. Ағымдағы жылы осынау фестиваль 19-шы рет өткізілуде.
Тіл фестивалінің басты мақсаты – қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге ықпал ету, көп этносты мемлекетіміздің бірлігі мен достығын насихаттау және оның негізгі факторы ретінде мемлекеттік тілдің рөлін арттыру, жастарды патриоттыққа бағыттау.