Қазақ жеріндегі алғаш Қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған Алаш қозғалысына биыл тура 100 жыл. Осыдан 1 ғасыр бұрын қазақтан шыққан кіл мықтылар – ұлт зиялылары бас қосып, Алаш партиясын құрып, қазақтың автономиялы республикасы – «Алашорда» үкіметін жариялаған болатын. Бұл идеяның басында қазақтың бостандығы үшін жанын сарп еткен Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов секілді алыптар тұрды.
Тек арада жетпіс жылдай уақыт өткен соң ғана Алаш арыстарының арманы орындалды – Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Бұл тәуелсіздік қазақ халқына осынау алыптардың құрметіне берілді десек артық айта қоймаспыз. Соғыссыз келген егемендігіміздің артында осы жүздеген зиялының, миллиондаған шәйіттің рухы тұр.
«Қазақ бар кезде Алаш идеясы ешқашан өлмейді». Бүгін Алматыда «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің 100 жылдығына арналған салтанатты кеште қала әкімі осылай деді. Назарларыңызға Бауыржан Байбектің Алаш арыстары туралы айтқан пікірін ұсынып отырмыз:
Бауыржан БАЙБЕК, Алматы қаласының әкімі:
– Жалпы, биылғы жыл қазақ елі үшін есте қаларлықтай тарихи даталарға толы мерейлі жыл болып отыр. Осыдан тура 100 жыл бұрын, яғни 1917 жылдың 21–26 шілдесі аралығында Орынбор қаласында Жалпықазақ съезі шақырылып, сол кезең үшін ең өзекті деген мәселелер съезд делегаттарының талқысына ұсынылды. Төрағасы – Халел Досмұхамедов, төраға серіктері – Ахмет Байтұрсынұлы, Әлмұхамед Көтібаров, хатшылары – Міржақып Дулатов, Ақылбек Сейітовтер болған бұл съезде «Алаш» ұлттық-демократиялық партиясының іргесі қаланып, мемлекеттің тәуелсіздігін айқындайтын ең өзекті мәселелер сөз болды. Артынша «Алаш» партиясының бағдарламасы 21 қарашада «Қазақ» газетінде жарияланды. Онда Ресей құрамындағы Қазақ автономиясын құру жайлы айтылған еді.
Өкінішке қарай, Алаш арыстарының арман-мұраттары сол кезеңдегі тарихи жағдайларға байланысты жүзеге аспай қалды. Дегенмен, сол уақытта көтерілген ұлт-азаттық қозғалысы туралы идеялар қазақ халқының жүрегінде маздап, тек ХХ ғасырдың соңында, яғни 1991 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасы құрылды. Біз «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі», «Төрткүл дүниемен тереземіз тең» десек, осы қастерлі ұғымдар Алаш идеяларынан нәр алған сол боздақтардың арманының орындалуы іспетті.
Алаш зиялылары халықтың көкірегіне ғасырлар бойы шер болып қатқан азаттық туралы аңсарды, ел болу жайлы ұлы мәселені күн тәртібіне қойды. Сұлтанмахмұтша айтсақ, олар «Қазақ үшін жүрек майын шам қылған» көзсіз батырлар, заманынан озып туған биік өре иелері еді.
«Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» деген қазақ ұлтшылдығының рухани көсемі Әлихан Бөкейханов және замандастары бөлінуге, жікшілдікке барынша қарсы болып, бәрін де ұлттық жаңару жолына үгіттеумен болды. Олар өтпелі кезең жағдайында болатын дәстүршілдік пен жаңашылдық таласында жаңаруды жақтады. Тірліктің өз билігіңді өз қолыңда бекем ұстай алғанда ғана өнетінін терең сезінген олар: «Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек» деп мәлімдеді.
«Алаш» партиясын құрған бабаларымыз Тәуелсіздікке жетудің стратегиясы мен тактикасын жасауға ұйытқы болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында: «XVІІІ—XІX ғасырларда Қазақ хандығы құлағаннан кейін қазақтардың арынды рухы бұрқ етіп сыртқа шығудың әр түрлі жолдарын қарастырды. Сол кезде қазақтарда өз мемлекетін құру үміті тағы да ояна бастады. Алашорданың көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және басқалар болды. Қазақтың оқыған жас өкілдерінің осынау ыстық жігері, ұлттық рухы сол кезде қалыптасқан жағдайлардың себебінен өмірде іс жүзіне аса алмады», – деп өзінің тарихи бағасын берген еді.
Халықты өз ұлтын, тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, ата-баба жерін қастерлеуге, Отанды сүюге, қорғауға және қамқор болуға насихаттаған ата-бабаларымыздың арман-мұраты бүгінгі «Мәңгілік Ел» идеясымен үндесіп жатса, олардың есімдерін ұлықтау «Рухани жаңғырудың» жарқын көрінісі.
Халқымыздың аса көрнекті тұлғаларын, ерен еңбектерін жан-жақты терең зерттеп, жас ұрпақтың рухани қазынасына айналдыру – баршамыздың азаматтық парызымыз. Биылғы жылы еліміздің барлық өңірлерінде Алаш зиялыларының есімдерін ұлықтауға, еңбектерін ел жадында жаңғыртуға байланысты көптеген іс-шаралар атқарылып келеді. Бүгін осы игі дәстүр Алматыда жалғасын тауып отыр. Қазан айында «Алаш Орда» үкіметінің 100 жылдығына орай Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Ел-шежіре» қоғамдық қоры «Айбыным – Алаш!» атты шығармашылық кеш ұйымдастырса, таңертең ғана Ғылым Ордасында «Алаш Орда және ұлт-азаттық идеясы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Алматы қаласының ең негізгі көшелері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов сынды Алаш арыстарының есімдерімен аталады.
«Алаштың» көшбасшысы Әлихан Бөкейхановтың қазақ халқының келешегі турасында: «Озғандарға жету керек, жеткендерімізден озу керек. Дүниенің төріне тырмысқандар төрден орын алып жатыр. Тырмыспағандар есікте қалып жатыр: есікте қалмай, төрге тырмысалық. Басқалар төрге қалай бара жатқанына қарап, біз де солардың істегенін істейік», – депті ұлы бабамыз осыдан бір ғасыр бұрын.
Қорыта айтқанда, Алаш қайраткерлерінің кейінгіге, бүгінгі бізге қалдырған тарихи сабақтарын былайша жүйелеуге болар еді.
Біріншіден, сол кезеңде екі ғасырдан аса уақыт бұратана халық саналып, бөгде елдің боданы болып келген Қазақ даласында тұңғыш рет зайырлы түрде саяси теңдік жайлы айтылып, ел азаттығы туралы мәселе күн тәртібіне қойылды. Ұлттық мемлекет құрудың сол кезеңге лайықталған концепциясы жасалды. Әлемнің озық елдерінен үлгі алып, сол жетістіктерді ұлт мұратына жұмсаудың тиімді жолдары зерделенді.
Екіншіден, Алаш көсемдері дамудың бірден-бір кепілі – оқу-білімде екенін айқын сезініп, сол бағытта талмай еңбектенді. Әрқайсысы түрлі салалар бойынша қазақша оқулықтар жазып, сол кітаптар күні бүгінге дейін ұлтқа қызмет етіп келеді. Осылайша олар оқу-ағарту мәселесін ұлттық ерекшеліктермен ұштастыра отырып, уақыт үдесінен шығуға үндеді.
Үшіншіден, ең бастысы, Алаш қайраткерлері келешек ұрпаққа ел үшін жан алысып, жан берісер жанкешті күрескерліктің үлгісін көрсетті, осы жолдан таймай ұлт үшін мерт болды.
«Мен сенемін жастарға,
Алаш атын аспанға,
Шығарар олар бір таңда.
Мен жастарға сенемін!», —
дейтін ұранға бергісіз сөздерді айтып қана қоймай, сондай көзсіз батырлықты өздерінің істерімен де дәлелдеді.
Ардақты ағайын! Ұлттың тағдырына, оның көшбасшылары мен жалпы халыққа әр дәуірдің жүктер міндеті мен талабы әрқилы болып келетінін біз бүгін айқын сезініп жүрміз. Алаш арыстарының асқақ армандарының жүзеге асқанын, Қазақстанның тәуелсіз ел болғанын көру бақыты мына отырған Сіздер мен біздің маңдайымызға жазылыпты. Замана көшін айқын сезініп, тарихи мүмкіндікті мейлінше тиімді пайдалануға бағытталған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы сол Алаш қайраткерлерінің көксеген армандарының іске асуының көрінісі, олардың өшкенінің жанғаны.
Ендеше, қадірлі қауым, Алаш рухы, Алаш идеясы ешқашан да өлмейді, «Мәңгілік Ел» болуға бет алған Қазақстан халқымен бірге Алаш қайраткерлерінің есімдері де мәңгі жасай береді.