15.03.2015, 18:00

Қытайдың «Жібек жолы» экономикалық мегажобасының астарында не жатыр?

Сурет, baq.kz

2013 жылы Қытайдың басшысы Си Цзинпин Еуропа мен орталық Азияны жалғайтын «Жібек жолы» атты экономикалық белдеуді құрастыруды қолға алды. Қазіргі таңда Қытай ең ірі екі экономикалық жобаны жүзеге асыруда: құрлықта «Жібек жолы экономикалық белдеуі», теңізде «XXI ғасырдың теңіз Жібек жолы». Бұл екі жоба Қытайдың барлық компартиялық жиналыстарында қызу талқыланып, жүзеге асуда.

Әрине аталмыш ғаламдық жоба Ұлы Жібек жолының қайта жаңғырып, Еуропа мен Азия елдерінің ықпалдастығының тәжірибе құралы болатындығы даусыз. Осы орайда Қазақстанның көлік-логистикалық дамуын қалыптастыру тұрғысында мүдделілік танытып қана қоймай, бәрінен бұрын Еуропа мен Азия елдері арасындағы «Ұлы Жібек жолы» арқылы тиімді сауда жасауына мүмкіндік әпереді. Бір сөзбен айтқанда, «Ұлы Жібек жолы» экономикалық жобадан  Қазақстанның экономикалық, мәдени, саяси тұрғыдан ұтары көп. «Қытай халқы Жібек жолын дамытуға неге мүдделі?» деген сауалға біздің отандастарымыздың ойланып жатқаны шамалы, біздің бұқаралық ақпаратымыз тек тиімді жақтарын ғана айтуда, міне, осы төңіректе біз әңгімемізді өрбітсек.                                                                                                                               

Қытайдың жоспары «Жібек жолы» атты экономикалық жобаны желеуге алып, күш қолданбай-ақ Орта Азия және оңтүстік Азия елдерін қоршап алу: теміржол, тас жолы, порттарды салып, экономикалық жұмыс күшін қолдану арқылы  экономикалық, мәдени, саяси экспансия жүргізуі әбден мүмкін, оның үстіне 40% табиғи ресурстарымыз Қытайдың қолында болса, «Жібек жолы» экономикалық жобасының пайдасынан, болашақта залалы асып кетпесе жарар еді. Сондықтан біздің мемлекет басшыларымыз «Жібек жолы» экономикалық жобасын бір ауыздан қолдамай, керісінше, оны ғылыми түрде зерделеп, асықпай байыпен шешім шығарғаны дұрыс болар еді. Әсіресе Қытайдың осы әрекеттері Үндістан мен Жапонияны қатты алаңдатуда.

Қазіргі таңда Қытай «Жібек жолы» стратегиясын сырт көзден жақсы бүркемелеуде. Қытай компартиясының жетекшілерінің айтуынша, «Жібек жолы» стратегиясы XXI ғасырда Орта Азия мен оңтүстік Азия елдерін экономикалық, мәдени, әлеуметтік жағынан ынтымақтастырады дейді, бірақ біз Қытайдың бұл жылы сөздеріне сенбеуіміз керек, 1,5 милиард халқы бар көршіміздің іс-әрекеттерін алдын ала болжамасақ, ертеңгі күніміз қиын болады. Бұл алаңдаушылығымыздың тамыры тереңде жатыр, тарихқа үңілсек, 1407-1433 жылдары Адмирал Чжен ежелгі Қытайдың Жібек жолын тиімді пайдаланып, кейбір көрші мемлекеттерге билігін бейбіт жүргізсе, кейбір мемлекеттің билік басшыларын әскери күш қолдану арқылы өлтіріп отырған. Қазіргі таңда Қытай «Жібек жолы» жобасын тікелей өз қара басының пайдасына жарата отырып, Азия елдерінің геосаяси картасын қайта құрмақ.

Экономикалық «Жібек жолы» стратегиясының басты мақсаты – бұл Пекиннің стратегиялық басымдылығын нығайту, Қытай халқының арманы – бұл ежелгі Қытайдың беделі мен күш-қуатын қайта жаңғырту. Компартия басшысы Си Цзинпиннің көздеп отырған талпынысы да осы, экономиканың қарқынды дамуы, халық санының жеткіліктілігі Қытай арманының орындалуына шақ қалды. Си Цзинпиннің билікке келгеннен бергі іс-әрекетін бақыласақ, көрші елдерге қыруар инвестициялар құйып, олардың экономикасын Қытайға тәуелді етіп қойды. Мәселен, Want China Times газетінің мәліметтеріне қарағанда, Қытай болашақта  «Жібек жолы» стратегиясын дамыту үшін 20 триллион АҚШ долларын құйюға даяр екенін көрсетіп отыр.  Қытай көрші елдерде порт, темір жолдар, автомагистральдар, мұнай құбырларын дамыл таппай салуда, бұл арада компартия басшылары келесідей мақсаттарды көздеп отыр:

Қытайдың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

     2.   Өндірістік тауарларды экспорттау;

     3.   Көрші елдерді өзіне экономикалық жағынан тәуелді ету;

     4.Жоспарлаған әскери стратегиялық мақсаттарға жету;

Қытай азаттық-халық армиясының(ҚХАА) әскери ғылым академиясының құрметті мүшесі Чжоу Бо (Zhou Bo) айтуынша Қытайдың «Жібек жолы» мегажобасы болашақта Орта Азия мен оңтүстік Азия елдерінің саяси және экономикалық ландшафтысын едәуір өзгертетініне сенімді. Қытайдың бұл әрекеттеріне үлкен сенімсіздікпен және нақты қарсы болып отырған екі мемлекет бар, ол Жапония мен Үндістан, бұлардың араларына отқа май тамызып қоятын АҚШ-ты да қосуға болады. Жалпы Қытай көршілерін шошытып алмас үшін өзінің мегажобаларын байыппен, бүркемелеп, қулықпен жүзеге асыруда. Осы арада Қытайдың әфсана-мысалын айтқым келеді: «Қазанның жылы суында құрбақа рахаттанып, өзін қауіпсізбін деп сезініп, суды шалпылдатып шомыла береді. Судың температурасы бірте-бірте көтерілгенін сезбей, ақырында өледі, ар жағында оны дастархан мәзірі үшін дайындап бере беруге болады». Міне, Қытай көрші елдерге осы тәсілді жақсы қолданады. Мысалы, Қытай «Жібек жолы» мегажобасын құруға Үндістанды тартып отыр, оның түпкі мақсаты Үндістанды АҚШ пен Жапония араларындағы стратегиялық байланысты үзу.

Думан КӨПБАЕВ