ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Ауған соғысы ардагерлерін отансүйгіштік тәрбиені насихаттау, жастар арасындағы радикалдық көріністердің алдын алуда бірлесіп жұмыс жасауға шақырды. Бұл туралы бүгін ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов Алматы қаласында өткен «Қазақстан ардагерлері» Ауған соғысы ардагерлері ассоциациясының V есеп беру-сайлау съезінде мәлімдеді, деп хабарлайды министрліктің баспсөз қызметі.
Аталған шара барысында сөз сөйлеген вице-министр Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қызметі туралы, оның ішінде дін, азаматтық қоғамды нығайту және жастар саясаты салаларында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
Абзал Нүкенов дін саласында жастардың теріс діни ағымдарға кіру әрекетінің жалғасуы қоғамдағы басты мәселеге айналғандығын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта жастар мен тұрғындар арасында діни экстремизм мен радикализмге жол бермеу мақсатында 3,5 мың адамнан тұратын 250 ақпараттық-түсіндіру топтары тұрақты жұмыс жүргізуде.
Бұл ретте, вице-министр ауған соғысы ардагерлерін дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негіздерін, заңнамалық өзгерістер мен дәстүрлі діннің рухани-танымдық құндылықтарын түсіндіруде, сондай-ақ, жастар арасында радикалдық көріністердің алдын алуда бірлесіп белсене жұмыс жасауға шақырды.
Вице-министр азаматтық қоғам саласында министрлік тарапынан Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Атамекен» кіші бағдарламасы іске асырылып отырғандығын баяндады. Аталған бағдарлама өңірлердегі өзекті мәселелерді шешуге азаматтардың, қоғамдық бірлестіктердің, бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдардың күшін біріктіруге бағытталған.
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкеновтің айтуынша, жастар арасында патриоттық тәрбиені дамыту және насихаттау мақсатында «Жастар мен жасөспірімдерді патриоттық тәрбиеге баулу және мәдениетті қалыптастыру», «Жігер» әскери-патриоттық лагерін ұйымдастыру» тақыбындағы әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда.
Айта кетейік, ардагерлер съезінің жұмысына Қазақстандағы Ауған соғысы ардагерлер ұйымдары Ассоциациясының төрағасы Бақытбек Смағұл, Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымдарының орталық Кеңесі төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов, «Қарулы Күштер ардагерлері» РҚҰ төрағасы Мұхтар Алтынбаев, сондай-ақ, өңірлердегі «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық ұйымдарының жетекшілері қатысты.