Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 3 жылдай уақыт бұрын Алматы облысына жасаған жұмыс сапары барысында өңірде қант қызылшасы өндірісін қолға алуды тапсырған болатын. Өйткені, Жетісу жері осынау өсімдік түрін өсіріп, оны өндіруге өте қолайлы. Оның үстіне бұрынғы тәжірибе де бар.
Елбасының осынау сөзі жерде қалған жоқ. Облыс басшылары осынау тапсырмадан кейін дереу қант қызылшасы зауытын қайта жаңғыртуға кірісіп кетті. Жуырда ғана аталған кәсіпорындағы құрылыс жұмыстары аяқталып, ол өзінің алғашқы өнімін берді.
Ақсу қант зауытында арадағы он жылдық үзілістен кейін алғашқы қант алынды. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың Ақсу ауданына барған жұмыс сапарында белгілі болды. Зауыттың жөндеу жұмыстарының барысымен танысқан облыс басшысы кәсіпорынды аралап көріп, инвесторлармен зауыттың болашағы туралы мәселелерді талқылады.
Қазір Ақсу қант зауытына қант қызылшасы Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарынан жеткізілуде. Қазіргі кезде кәсіпорынның қызылша жинақтау алаңында 80 мың тонна тәтті түбір жатыр. Бүгінгі күні зауыт 2 мың тонна шикізат өңдеп, алғашқы қантын алды.
«Ақсу қант» ЖШС-ның атқарушы директоры Сәкен Мұратовтың айтуынша, зауытта жасалған жөндеу жұмыстарының нәтижесінде қант қызылшасын өңдеу мен қант шығаруды бастау жұмыстарының жүйесі іске қосылды. Келер жылдан бастап негізгі және қосалқы өндірістерді кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары басталады, қуаттылығы 5 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы пайдалануға беріледі, заманауи жылу қазандықтары мен турбогенераторлар орнатылады. Сол сияқты технологиялық процестерді автоматтандыру жұмысы одан әрі жалғастырылып, соңғы 3 жылда зауыттың өндірістік қуаттылығы өсе түспек.
Кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан облыс басшысы Амандық Баталов зауыттың барлық цехтарын аралап көріп, 10 жылдан кейінгі алғашқы қанттың шығарылу процесіне куә болды.
- Бүгін бәріміз үшін де үлкен қуаныш. Мемлекет қолдауының, жергілікті атқарушы орган мен инвесторлардың бірлесіп атқарған тыңғылықты жұмысының нәтижесінде он жылдан бері тоқтап тұрған Ақсу қант зауыты іске кірісті. Барлық технологиялық процестерден кейін кәсіпорын аппақ қантын шығара бастады, бұл – жүргізілген жұмыстың нәтижесі. Алдағы 3 жылда зауыт толық жаңғыртылып, ескірген құрал-жабдықтар жаңа, озық үлгідегі, жоғары технологиялы жабдықтармен ауыстырылады. Ол құрал-жабдықтардың біраз бөлігі қазірдің өзінде сатып алынып, зауыт қоймасында сақтаулы тұр. Қазіргі кезде зауытта 500 адам жұмыс істейді, олардың арасында осы кәсіпорын алғаш ашылған күннен бастап жұмыс істеген тәжірибелі мамандар бар. Олардың еңбегін ерекше атап өтуіміз керек. Сонымен қатар Ақсу қант зауытын іске қосу арқылы жұмыссыздық деңгейі ауданда 5,7 %-тен 4,7%-ке төмендегенін де айтып өткен жөн. Сол сияқты зауыт пен Жансүгіров кентіндегі колледж арасында кәсіпорынға 50-ден астам маман дайындау туралы келісімшарт жасалды, - деді А. Баталов.
Бұдан әрі сөзін сабақтаған облыс басшысы:
- Енді біздің облыста екі қант зауыты – Көксу және Ақсу зауыттары жұмыс істейді, екеуі бірігіп жыл сайын 500 мың тоннадан астам қант қызылшасын өңдей алады. Мұнан кейін алда Алакөл және Қарабұлақ қант зауыттарын іске қосу жоспары тұр. Сол сияқты шағын қуаттылықтағы зауыттар салуды да ойластырып жатырмыз. Бүгінгі күні біз облыстың жылына шамамен 35 мың тонна қантқа деген сұранысын жаба аламыз. Республиканың сұранысы туралы айтатын болсақ, бұл бағытта біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мультипликативтік тиімділігін беретін осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз, - деп сөзін қорытты А. Баталов.
Кәсіпорынның іске қосылуына қатысты Ақсу қант зауытының бас инженері, еңбек жолын осы зауытпен бірге 1968 жылдан бастаған Владимир Юшков да ой бөлісті. Қазір ол осы зауытта жұмысын қайта жалғастырып, мұндағы тәжірибелі мамандардың қатарында.
- Өзім жарты ғасырға жуық еңбек еткен зауыттың жаңа тынысы ашылып, қайта іске қосылғанына қуаныштымын. Зауыт енді сапалы өнім шығарып, көптеген тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Осыған барынша қолдау көрсеткен баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Ауқымды жұмыс атқарылды, зауыт қайта іске кірісті, енді оны біз секілді тәжірибелі мамандар қолдауы керек, қалғаны техникаға байланысты, - деді В. Юшков.
Еске салсақ, Елбасының қант өндірісін дамыту туралы тапсырмасына сәйкес биылғы жылдың басында облыс әкімдігімен Ақсу қант зауытын жаңғырту туралы меморандумға қол қойған «Энергомост» консорциумы зауытты қайта қалпына келтіру жұмысына белсене кіріскен болатын. Бұл жұмыстарға 15 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылып, оның 3 млрд. теңгесі негізгі құрал-жабдықтарды жаңғырту үшін «Жетісу» ӘКК тарапынан бөлінді.
Жалпы кәсіпорын жыл бойы 300-350 мың тоннаға дейін қант қызышасын өңдейтін қуатқа ие.
Биылғы маусымда 80 мың тоннаға дейін қант қызылшасын өңдеп, 6 мың тонна қант алу жоспарланып отыр. Биылғы жылдың қыркүйек айынан бері зауытқа қант қызылшасын қабылдау жалғасып жатыр.