Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының тарихи мәні – саяси реформа мен экономикалық жаңғыру бағдарламасын қазақстандық қоғамды және әр қазақстандықты рухани жаңғырту арқылы жалғастыруды көздейтіндігінде. Тек жоғары білімді және рухани бай халық қана сыртқы әсерлерді дұрыс қабылдап, оған лайықты жауап қайтара алады. Сондықтан да мақала қоғамдық-саяси және мәдени-ағартушылық жобалар ретінде бірқатар шаралардан тұратыны өте маңызды. Ұлт Көшбасшысы атап көрсеткен бұл шаралар еліміздің дамудың жаңа деңгейіне көтерілуіне өз септігін тигізетініне әбден сенімдіміз.
Бағдарламаның қай бағыты болсын, елдің рухани әлеуетін көтеруге, ұлттық құндылықтарды, жалпы адамзаттық ізгілікті насихаттауға арналған. Алға қойылған стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыруда маңызды рөл кітапханаларға тиесілі. Бұл іске кітапханашыларымыздың қосар үлесі мол-ақ. Қазірдің өзінде «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлер географиясы», «Әлемдегі Қазақстан мәдениеті», «100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім», «Отаным тағдырым» бағыттарының аясында қабылданған кіші бағдарламалар мен «Атамекен», «Рухани қазына», «Тәрбие мен білім» жобалары басшылыққа алынуда. Әсіресе, жас ұрпақты тарихи-мәдени және ұлттық рухани құндылықтарымызды қастерлеп, бағалай білуге баулу, оларға еліміздің бүгінде сандаған ұлт өкілдерінің ортақ үй, алтын бесігіне айналып отырғанын, бірлік пен ынтымақ басты байлығымыз екенін ұғындыру қай кездегіден де маңызды бола түсті.
Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттер қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты №5 кітапхананың қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Болашақ» колледжі білімгерлері мен оқытушылары арасында да қызу талқыланды. Онда Г.Кейкеева, Ғ.Сабыралиев, А.Баймахатова, Л.Тойшыбеков секілді ұстаздар Жолдаудың цифрлық экономика, жаңа технологиялар, шағын бизнесті дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша алдымызға жаңа міндеттер қоюымен ерекшеленетіндігіне жан-жақты тоқталды.
Оқырмандар да Қазақстанның атын төрткүл дүниеге танытып, әлемнің дамушы мемлекеттерінің санатына қосқан ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатын жастар қауымы қашанда қолдайтындығын, туған еліміздің жылдан-жылға өркендеп-өсіп, көркеюі кез келген «елім, жерім» деген қазақстандық азаматтың жүрегіне мақтаныш сезімін ұялататынын атап өтті. Басқосуда жастар бірауыздан «Президент саясатын қолдай отырып, қашанда өз еліміздің патриоты болуды діттейміз. Сапалы білім алып, қай салада болсын бәсекелестікке қабілетті, сапалы өнім өндірілуіне еңбегімізбен атсалысамыз, 5 институционалды реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында алға қойылған меже-мақсатқа қол жеткізетін боламыз» десті. Ел мен елді бауырластыру, ауызбірлікке шақыру, өңірлік инфрақұрылымды лайықты деңгейде дамыту жайындағы әдебиеттер мен мерзімді басылымдардан тұратын кітап көрмесін ұйымдастырып, оларға библиографиялық шолу жасаған кітапханашы Сара Жолдыбаеваның сөзін де қатысушылар ұйып тыңдады.
Біздің кітапхананың ұжымы еліміздегі этносаралық қатынастарды үйлесімді өрбітудің өте-мөте қажеттілігі жөнінде жан-жақты ақпараттар беруімен де ерекшеленуде. «Достықтың, ынтымақ мен бірліктің ғажайып елі» атты дөңгелек үстел отырысы осындай істің үлгісіне де айналды. Онда ұлтаралық қатынастың жақсы жолға қойылуы, достық пен тату келісімнің нығаюы, көп ұлтты еліміздің демократиялық жолмен дамып келе жатқаны бейнеслайд арқылы көрсетілді. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қарашай, болгар, еврей, өзбек этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері Лелла Узденова, Людмила Карнелина, Абдурахман Жолдасұлы, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Абдукарим Сулейманов Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді нақты іс жүзіне асыру жолдары жөнінде ой, пікірлерімен бөлісті. Басқосу әр ұлттың ән, билері орындалуымен одан әрі жалғасты. Сондай-ақ, этностық көрме ұйымдастырылып, таныстырылды.
Міне, мұндай іс-шаралардың жастарға берері мол, әсіресе, бір шаңырақ астында топтасқан түрлі ұлттар өкілдерінің арасындағы достық пен бірліктің нығаюына да септеседі деген ойдамыз. Бұл жұмыстар одан әрі жарасымды жалғасын таба беретін болады.
Раушан МАНКЕНТБАЕВА,Тараз қаласы, кітапхана меңгерушісі.