$ 499.51  525.83  4.62

Маңғыстаулық меценаттар облыстағы 110 жобаны қаржыландырған

Биыл сәуір айында жарияланған Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы еліміздегі ауылдық жерлердің екінші тынысын ашты десек артық айта қоймаспыз. Мақалада көрсетілген басым бағыттардың бірі – «Туған жер» бағдарламасы аясында қазір дәулетті азаматтар, қоғам қайраткерлері, танымал өнер және спорт жұлдыздары өздері туып-өскен ауылдарына көмек қолдарын созып жатыр. Бірі мектеп, бірі балабақша, өзгелері жабылып аурухана мен өзге де әлеуметтік нысандар тұрғызуда. Сонымен қатар, ауылдардың жолдары жаңарып, жасыл желекке орана бастады. Мұның барлығы «Рухани жаңғырудың» игіліктері.

Енді осы аталған «Туған жер» бағдарламасы аясында әр облыста «Туған жерге тағзым» атты меценаттар форумы өтіп жатқаны мәлім. Күні кеше аталған іс-шара маңғыстаулық кәсіпкерлердің де басын қосты. Басты мақсат – кәсіпкерлер мен халық мүддесін ескеріп, олардың еңбек пен іскерлік әрекеттерінің белсенділігін арттыру арқылы әлеуметтік жобаларды іске асыру. «Туған жер» бағдарламасы аясында өңірдің дамуына үлес қосып, елдің тұрақты экономикалық кеңістігін қалыптастыру.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деген болатын. Сондықтан бұл форум «Туған жерге тағзым» деп аталады.  

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған форумға облыс әкімі Ералы Тоғжанов бастаған мемлекеттік мекеме басшылары мен өз өңірінің өркендеуіне үлес қосып жүрген меценаттар қатысты.

Іс-шара барысында аудан әкімдері мен орынбасарлары форум қонақтарына әлеуметтік жобалар ұсынылған көрмемен таныстырды. Маңғыстау облысында «Туған жер»  жобасын іске асыру мен ілгерлету  процесіне кәсіпкерлер қауымы белсенді атсалысуда. Меценаттардың қаржылай қолдауымен ауылдар абаттандырылып, әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Тарихи ескерткіштер мен мәдени орындарды қалпына келтіруге бағытталған жобалар да бар.

Облыстағы 100 меценаттың демеушілігімен, биыл жалпы сомасы 43 млрд. 699 млн. теңге болатын 110 жоба жүзеге асырылған.

Олардың 16-сы салауатты өмір салтын қалыптастыру мен өңірлік спортты дамытуға бағытталған. «Қоршаған ортаны қорғау» бағыты бойынша 4 жоба іске асып, «Жақыныңа жәрдемдес»  жобасы бойынша 8 қайырымдылық шара өткен. «Білім қазына» бағытында 18 іс-шара ұйымдастырылды. Ал, мәдениет пен өнерді дамытуға арналған 4 жоба жүзеге асырылды. Денсаулық сақтау саласында да келелі жұмыстар қолға алынды. 2017 жылдың өзінде аталмыш бағыт бойынша 22 жоба демеушілердің қаржысымен іске асты. Бұдан басқа бағыттар бойынша 38 іс-шара өткен.

Шара барысында «Туған жер» бағдарламасы аясында халықтың жағдайын жақсартып, қоғамдық санасын жаңғырту мақсатында, облыстың дамуына ықпал ететін әлеуметтік жобаларды ұсыну мүмкіндігі берілген аукцион өтті. Аукционға 7 жоба ұсынылды. Атап айтсақ, Мұнайлы ауданында спортзал кешенін салу. Жобаның жалпы құны: 516 292 000 тг.Инвестиция көлемі 250 млн. теңге қаражат болатын Түпқараған ауданындағы спорт кешені және Ақтау қаласында Абай құнанбаев пен Нұрмұхан Жантөринге арналған ескерткіш орнату. Жоба құны  80 млн. теңге болады. Әр жоба сатылғаннан кейін жеңімпаздар жарияланып, оларға нысанның құжаты табыс етілді.

Сондай-ақ, форумда облыс әкімі Ералы Тоғжанов жаңа жобаның тұсауын кесті. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында аймақтың климаттық ерекшелігіне байланысты, облыстағы барлық  білім беру ұйымдарында «Жасыл мектебім - жасыл мекенім» атты жобасын іске қосудамыз»,- деді аймақ басшысы. Бағдарламаның мақсаты - экологиялық мәселені шешу үшін айналаны көгалдандыру; балалардың санасын еңбекке баулу арқылы тәрбиелеу; оқушыларға арналған ғылыми-тәжірибелік орталық ашу; тамшылатып суару, пайдаланған суды қайта өңдеу арқылы жаңа технологияларды дамыту; мектептерде өз өнімін қолдану арқылы кәсіпкерлікті дамытуды; бюджеттен тыс инвестицияларды тарту мәселелерін шешу болып табылады. Жиында аталған жобаның тиімділігін ескерген Маңғыстаулық бірнеше меценат мектеп жанынан өз қаражаттарына жылыжай салуды қолға алды. Олар «Түлеп ұшқан білім ұясын көгалдандыру арқылы туған жерге, өңірдің дамуына осылай үлес қосқанымызға қуаныштымыз!»,- деп тілектерін білдірді. Форум екі бөлімнен тұрады. Алғашқысында жаңа жобалардың көрмесі ұсынылып, аукцион ұйымдастырылды. Ал екінші жартысында облыс әкімі Ералы Тоғжанов меценаттарды марапаттап, халықтың атынан алғыс білдірді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары