08.02.2018, 05:34

200 мың теңге жалақысы бар қазақстандық 1 бөлмелі пәтер алу үшін 20 жыл ақша жинауы керек

Сарапшылардың есептеуінше, 1 бөлмелі баспанаға қажетті бастапқы жарнаны 10 жыл бойы жинау керек екен. Яғни отбасының табысы 200 мыңнан кем болмаған жағдайда, оның 20 мыңын ай сайын үзбей салып отырса ғана пәтерге қол жеткізе алады деп мәлімдеді КТК телеарнасы.

Зерттеу қорытындысына қарағанда, 1 ғана жалақымен баспаналы болу бізде тым қиын екен. Бұл мүмкін болғанның өзінде, қоныс тойын жылдар бойы күтуге тура келеді. Мысалы, отбасының табысы 200 мың болса, болашақ баспана үшін ай сайын оның 10 пайызын ғана жинай аламыз. Ал, қалғаны күнделікті шығыннан артылмайды екен. Осылайша, тек арада 10 жыл өткен соң 1 бөлмелі пәтерге қажетті бастапқы жарна жиналады. Бұл инфляция деңгейін қоспағандағы есеп. Ал, осындай табыспен пәтерді қолма-қол сатып алу үшін кемі 20 жылдай уақыт қажет. Айына 100 мың теңгеден жинау үшін, кіріс көлемі 350 мың болуы тиіс. Бұл қарқынмен бастапқы жарнаны 3 жылда жинауға болады. Ал, баспанаға ипотекасыз 7-8 жылда қол жеткізе аласыз.

Пәтерді 5 жылдың ішінде қолма-қол алғысы келетіндер болса, айына 200 мыңнан депозитке салып отырулары керек. Ал, 150 мың теңге көлеміндегі отбасылық табыспен үйлі болу мүмкін емес. Сарапшылар осылай ашығын айтты.

Алина Буравцева, krisha.kz порталының шолушысы:

- Егер отбасы пәтер жалдап тұратын болса,150 мың теңге көлеміндегі табыспен мүлдем ақша жинай алмайды. Ақша күнделікті шығыннан артылмайды. Яғни, мұндай табыспен бастапқы жарнаның өзін жинау мүмкін емес жағдай.

Жалпы тезірек баспана кілтін алу үшін, азаматтардың көп нәрсеге шектеу қойғаны абзал. Мамандардың бұл кеңесі, әсіресе, қазақтар үшін қиындау болғалы тұр. Өйткені, үйлі болмай, той жасамау керек екен. Тамақтан да шектеу болғаны жөн.

Диас Рақымжан, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ филиалы директорының орынбасары:

- Егер адам пәтерлі болуды мақсат еткен болса, оған тезірек қол жеткізгісі келсе, кей жерлерде өзіне шектеу қоюы қажет. Мәселен, бір клиентіміз бастапқы жарнаны қысқа мерзімде жинау үшін түрлі тағамдардан бас тартқан, отбасысы қыдыруды тоқтатқан. Үнемдеу арқылы, 3-4 жылда қомақты қаржы жинауға болады.

Өткен жылы осылай өзіне көп нәрседен шектеу қойғандар көп болса керек, тұрғын үй нарығы қатты жанданыпты. Сауда-саттық бірден 28 пайызға өскен. Мамандар бұған клиенттеріне түрлі мүмкіндіктер беріп отырған құрылыс компаниялары ғана емес, мемлекеттік бағдарламалардың да оң әсер еткенін айтады. Ал, сұранысқа жер үй емес, пәтерлер көбірек ие екен.