Танымал заңгер Айгүл Орынбек Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі келісімді орындамады деп шағымданып отыр. Келісімшарт жасасып, 3 жыл 3 ай ақшасын жинаған салымшы мерзімі асса да әлі көптен күткен пәтерін ала алмаған. Десе де, сол алмаған пәтері үшін пайыз төлеп отырмын дейді ол.
А.Орынбек ақшаны банктің Ақтаудағы филиалына жинап, сол қаладан былтыр жазда баспана алмақ болған көрінеді. Алайда, банктегілер түрлі сылтаумен сол уақыттан бері пәтер беруді кейінге шегеріп отырған.
«Үш жыл, үш ай тоқтамай ақша салдық. 15.07.2017 жылы берілетін пәтерді күте-күте сарғайып, банкке тұрмаған үйге пайыз төлеп отырмыз. Әне береді, міне береді деген күнделікті уәдені естуден шаршап, Ақтауға арнайы келдім. Былықтың бәрі жоғары жақтан екен. "Нұрлы жер" бағдарламасы тоқтатылуына байланысты үй берілмейді деген жауаппен банк қызметкерлері шығарып салды», - дейді заңгер әрі блогер Айгүл Орынбек.
Өздері ақша жинаған қарапайым халыққа баспана әпере алмай отырған банк әскерилерді қалай үй-жайлы қылмақ дейді ол.
«Уақытылы ақша салып, жинап отырған халыққа үй бере алмай отырсыздар, мыңдаған әскери қызметшіні қалай үймен қамтамасыз етпекшісіздер? Сосын жылына қанша әскери қызметкер үй ала алады? Бір бағдарламаны қатыра алмай жатқанда, жаңа бағдарламаны қалай игермекшісіздер?» - дейді заңгер.
Ол сондай-ақ, аталған банкті Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы тексеруі керек деп есептейді.
«Бір жылдан бері "Айрақты" тұрғын кешенінің берілмеуіне қандай түсіктеме бересіздер? Неге жарым жартылай беріліп, жарым жартылай тоқтап тұр? Әлде пара беру керек пе? Халықтың жинап отырған қаржысы және ипотекалық төлемдерінің едеуір бөлігі неге комиссиялық төлемдеріне кетеді? Жемқорлыққа қарсы күрес агенттік төрағасы А.Шпекбаев мырзаның назарына! Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін тексеруіңізді сұраймын» - деп сөзін тәмамдады ол.