10.04.2018, 05:59

Теңге қайта құлдырай бастады

Қазақстан қор биржасында (KASE) доллардың теңгеге шаққандағы бағамы күрт көтеріліп, 10 сәуір күні таңғы сессияда бір доллар 324 теңге 62 тиынды құрады. 9 сәуірдегі таңертеңгі сессияда доллар бағамы 320 теңге 11 тиын болған еді деп жазады Азаттық.

Биржада бүгін таңертеңгі саудада 331,2 миллион доллар сатылған. Алматыдағы ақша айырбастау орындарында доллар 324-328 теңге аралығында сатылып жатыр.

Қазақстанда доллар бағамы АҚШ-тың Ресейге жаңа санкция салуы салдарынан Ресей қор нарығында акция бағамдары құлдырағаннан кейін көтеріліп отыр.

9 сәуірдегі мәлімет бойынша, санкцияға ілінген ресейлік бизнесмендер Олег Дерипасканың дәулеті бір миллиард доллардан астам, Виктор Вексельбергтің дәулеті бір миллард долларға кеміген. Қор нарығындағы құлдыраудан Олег Дерипасканың серігі Владимир Потанин, миллиардерлер Сулейман Керимов, Леонид Михельсон, Геннадий Тимченко, Владимир Лисин, Роман Абрамович, Вагит Алекперов және Алексей Мордашев те біраз қаржы жоғалтқан. Forbes журналының жазуынша, аталған ресейліктер бір тәулікте жиыны 12 миллиард доллар дәулетінен айырылған.

Санкция салдарынан ВТБ банкі, "Русал", "Мечел", "Норильский никель" компанияларының акциялары арзандаған. Бағалы қағаздар құнының арзандауынан рубль құны төмендеген.