18.06.2015, 18:00

«ҚазМұнайГаз» қарыз сұрап жүр

glavpost.com

Өткен аптада «Самұрық-Қазынаның»  басшысы Өмірзақ Шөкеев қордың екі еншілес компаниясына қатысты  айтарлықтай қиындық туындағанын ашық мәлімдеді. Бірінші  қиындық – қарыз немесе қаржы тапшылығы. БТА банктің проблемасы шешілді. Бұл банкті «Казкоммерцбанк» сатып алды. Екінші проблема – «ҚазМұнайГаздың» қарызы. Бұл оңай өтелетін қарыз емес. Әңгіме – 18 миллиард АҚШ доллары жайлы. Егер барша қазақстандықтарға шашатын болсақ, адам басына  1058 доллардан тиеді.

«Самұрық-Қазына» қоры төрағасының орынбасары Елена Бахмутованың айтуынша, нарықтағы әрбір компанияның қарызы болуы мүмкін. Мәселе – компанияның осы қарызын өтей алуы немесе өтей алмауында. «ҚазМұнайГаз»  –  қарызын өтей алатын компания. Қазір мұнайдың бағасы төмен болып тұр. Екіншіден – «Қашағанның» өнім беру кезеңі кейінге шегерілді. Елена Бахмутованың айтуынша, бұл көлемдегі қарыз «Қашағанның» белгілі үлесін (акциясын) сатып алу үшін, сондай-ақ, бірқатар ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін алынған. «Самұрық-Қазына» басшылығының мәлімдеуінше, Атырау мұнай зауытын жаңғырту жобасы мен басқа да бірқатар жобалар үшін көлемді қаржы қарастыру керек. Ия, тек қарапайым адамдар емес,

«ҚазМұнайГаз» сияқты алпауыт компаниялар да қарыз алатын жер іздеп жүр.

Әлемдегі ірі компаниялар бір-бірінен қарыз алып немесе бір-бірінің капиталына акционер ретінде еніп жатады. Бұл – заңды әрі қалыпты құбылыс. Бір айырмашылығы – олар жекеменшік немесе капиталында мемлекеттің үлесі жоқ акционерлік компаниялар.

Ал «ҚазМұнайГаз», шынтуайтына келгенде, мемлекеттік кәсіпорын. Бұл – бүкіл қазақстандықтардың, яғни ұлттың меншігі. Бұл компанияның кімнен қанша қарыз екенін, сол қаржы қалай жұмсалып жатқанын тек парламент – заң шығару билігінің өкілдері емес, қара халық та біліп отыруы керек. Халық пен оның парламенттегі өкілдері тарапынан бақылау күшейе түссе, топ-менеджмент ширап, қаржы да тиімді жұмсала бастайды. Айта кету керек, бүгінде ірі квазимемлекеттік компаниялардағы қаржылық жағдайды еліміздің парламент мүшелері де жақсы білмейді. Әзірге атқарушы билікті бақылау – біртұтас мемлекеттік билікті жүзеге асыру жүйесінің  осал тұсы болып тұр.  Демократияның басты талабы – билік тармақтары арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін тиімді  пайдалану  болашақтың еншісінде қалып отыр. Өкінішті-ақ.

Үсен АСҚАРОВ.

oinet.kz