2015 жылдан бастап туризм мұнай-газ, құрылыс, ауыл шаруа-шылығы, машина жасау салаларымен бірге Батыс Қазақстан облысы экономикасын дамытудағы басым бағыттардың қатарына енгізілді. «Туристік индустрияны дамытудың жол картасында» туризмді кластерлік тұрғыда дамыту көзделген. Шалқар көлі аумағын дамыту, көл жағасында халықаралық туристік-сауықтыру кешенін салу алдағы күннің еншісінде.
Орал қаласын, соның ішінде шаһардың ескі бөлігін уақыт өте ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру жоспарланған. Жайық өзені бойынша саяхат жасау үшін бағыттар нақтыланады. Облыста 40 шақты турфирма жұмыс істейді, бірақ солардың екі-үшеуі ғана ішкі туризмді дамытумен шұғылданады. Қазақстандықтардың өзге елдерге саяхаттағаны жақсы әрине, бірақ, ақша сыртқа кетеді, сондықтан ішкі туризмді дамытып, өзге жұрттың өлкемізге ағылғаны пайдалырақ. Туризм экономиканың 36 саласымен тығыз байланысты. Өйткені турист қонақ үйде тұрады, кафе-мейрамханалардан тамақтанады, көлікке мінеді, медқызметті, байланысты пайдаланады. «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық шеңберінде орталықтың ұсыныстарын әзірлеп, облыс әкімдігіне ұсынудамыз», – деді аталмыш орталықтың директоры Виктор Фомин. Кейбір облыстарда туризм басқармасы жұмыс істейтінін ескерсек, БҚО-дағы туризм саласының бірнеше жылдар бойы ауыспалы қызыл тудай басқармалардың арасында сабылып жүргені қынжылтады. Орталық директорының орынбасары Гүлсім Мұсағалиеваның айтуынша, балалар туризмін дамыту ішкі туризмді өркендетуге серпін бермек. Елімізде балалар туризмін дамытудың 35 орталығы болса, соның 14-і біздің облыста жұмыс істейді. Батыс Қазақстан балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының бастамасымен «Туған елдің көрікті жерлерінен Қазақстанның қасиетті жерлеріне» деп аталатын туристік-экскурсиялық марафон жобасы жасақталып, қаралуда. Жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуді көздейтін жоба бойынша балалар туған жердің көрікті жерлерін аралап, Елордасы Астанамен танысуға мүмкіндік алады. Облыста тау туризмін, спорттық бағдарлау түрін дамыту қолға алынған. Тау туризмі табиғат рельефіне сай келмесе де, аудандардағы мектептерде жасанды тау жартастарын құру арқылы ұл-қыздарды шымыр болуға тәрбиелеуде. Интеллектуалды спорт саналатын спорттық бағдарлаудың Азиада олимпиадасының бір түріне енгізілгендіктен, аталмыш орталықта спорттық бағдарлау бөлімі ашылып, осы спорт түрін дамыту қолға алынуда. Спорттық бағдарлау түрі бойынша Зеленов ауданының жас спортшысы Наргиза Иргусаева Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанып, ұлттық құрамаға қабылданып, қазір халықаралық жарыстарға дайындалуда. Мамандардың айтуынша, ішкі туризмді дамытуға білікті мамандар тапшы, экскурсоводтар жетіспейді. Кеңестік замандағы мұндай мамандар қазіргі
уақытта зейнет жасында, жергілікті жоғары оқу орындарында экскурсияға басшылық жасайтын мамандар даярланбайды. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің басшылығына филиологтарды қосымша осындай мамандыққа бағыттау жайындағы ұсыныстар айтылған. Амандық болса, Оралдағы технологиялық колледжді туризм колледжіне айналдыру шешімі қабылданған. Соған орай бұл мақсатқа 25 млн. теңге бөлініп, материалдық база жасақталып, бағдарламалар жасалуда. Алдағы оқу жылында туризм колледжі жұмысын бастайды деп күтілуде.