Өткен жылы Қазақстан өзінің «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын жариялап, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енуге ауқымды қадамын жасайтынын мәлім етті.
Айта кетерлігі сол, көптеген сарапшылар «Нұрлы Жолды» ХХ ғасырдың 30-шы жылдары Америка тәрізді алпауыт мемлекетті ұлы дағдарыстан абыроймен алып шыққан осы елдің президенті Франклин Рузвельттің «Жаңа бағыт» экономикалық бағдарламасымен салыстырады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан елді индустрияландыру негізінде мықты серпіліс жасамақшы әрі бұған қол жеткізетінімізге менің ешбір күмәнім жоқ. Мәселен, 17 жыл бұрын қарапайым облыс орталығы ретіндегі Ақмоланың бүгінде әлем мойындаған әсем де ажарлы Астанаға айналарына кім сеніп еді. Мәселен, бірінші бесжылдық бедерінде жаңадан 770 кәсіпорын іске қосылып, 75 мың жаңа жұмыс орны пайда болды, 4 триллион теңгенің өнімі өндіріліп, 628 миллиард теңгенің өнімі сыртқа тасылды. Ең бастысы, қазақ экономикасы шикізаттан гөрі өңдеу арқылы дамуға бет алды. Яғни, отандық өндірістің шикізаттық емес өнімдері молынан шығарылып, сұранысқа ие бола бастады. Нақты айтсақ, отандық локомотивтерге сұраныстың өзіміздің тараптан ғана емес, жақын және алыс шетелдер жағынан да артуы соның бір жарқын дәлелі іспетті. Сондай-ақ, отандық кәсіпорындарда жаңа сипаттағы автокөліктердің, алып теңіз кемелерінің құрастырылып, шығарыла бастауы көңілге үлкен үміт ұялатады. Олай болса, алдағы 2015 жылы бастау алатын индустрияландырудың екінші бесжылдығы да қарқынға қарқын қосары анық. Бұл бағдарлама қазір тиісті қаражатпен толықтай қамтамасыз етілген, тек оның өз ретімен жұмсалуы қатаң қадағалануы қажет. 2014 жылы отандық бизнесті қолдау бағытында өте қарымды жыл болып іскерлік белсенділікті дамытуға кеңінен жол ашылды. Соның нәтижесінде Ұлттық қордан шағын және орта бизнесті қолдауға әрі несиелеуге бағытталған 100 миллиард теңге толықтай игерілді. Бұл 4,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.
Бизнесті 10 жылға бар-жоғы 6 пайызбен несиелеудің бұрын-соңды болмаған шарты жасалды. Мұндай шарттар біздің елімізде бұған дейін болған емес. Ең бастысы, бизнесті қолдау алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады. Осы орайда, Үкіметке шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша бөлінген 100 миллиард теңге тамақ және химия өнеркәсібіндегі, машина жасаудағы, сондай-ақ,
қызмет көрсетулер саласындағы тиісті жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз етіп отыр.
Мемлекет үшін стратегиялық тұрғыдан аса маңызды, жалпы ұзындығы 1200 шақырым болатын «Жезқазған – Бейнеу» және «Арқалық – Шұбаркөл» теміржолдары мен «Қазақстан – Түркіменстан – Иран» трансұлттық магистралі пайдалануға берілді.
Қазақстан өзінің ғаламдық дәрежедегі транзиттік державаға айналуының берік тұғырын орнықтыруды қолға алды. Мұны еліміздің қазіргі кезеңдегі ең ірі экономикалық жетістігі деп қабылдағанымыз абзал, өйткені оның маңызына келсек, бұл алдағы 50 – 100 жылда пайдаланатын игілігіміз. 2015 жыл ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға, халқымызды жұмыспен қамтамасыз етуге, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға ерекше назар аударылғанын атап өткен жөн. Соның нәтижесінде жыл қорытындысы бойынша экономика өсімі 4,7 пайыз деңгейінде, ал инфляция бұрын көзделген 6 – 8 пайыз дәлізде болады деп жоспарланып отыр. Әлемдік экономикада тоқырау орын алып отырған қазіргі жағдайда біздегі осынау оң сипаттағы бетбұрыстар Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдымен экономика деген идеясының дұрыстығын тағы бір дәлелдеп отыр.
Н.Назарбаевтың 1994 жылғы 29 наурыздағы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жария еткен стратегиялық интеграциялық бағдарламасы жүзеге асуын жалғастыруда. Ендігі жерде бұл біздің бәсекелестік қабілетімізді арттыратын инновация мен мықты технологиялық секірістің алаңы болады. Оған негіз де жоқ емес. Бұл интеграциялық қадамды қазірден-ақ жаһандық саясатшылар «Дамудың жаңа динамикасы» деп бағалауда. Яғни, интеграция – өмір талабы деген сөз.
Н. Назарбаевтың «Ислам қаржыландыруы бойынша жаһандық көшбасшы» атағына ие болуы, түрлі жаһандық жиындарға мәртебелі қонақ ретінде тұрақты шақырылуы еліміздің халықаралық аренадағы беделінің артуына куә бола алады.
Жалпы еліміздің даму үрдісі, әлеуметтік-экономикалық саладағы табыстары әлемдегі дамыған 30-елдің қатарына кіру туралы міндетті таяу уақыттарда іске асыруға қомақты үес қосады деп сенеміз.