$ 443.85  474.3  4.8

Еуразиялық одақ: Жаңа жағдайдағы тың мүмкіндіктер

Төрге озған қой жылымен тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа парағы ашылды. Жылдың күнтізбесін еліміз қаңтардың бірінен іске кіріскен әлемдегі жаңа экономикалық интеграциялық бірлестік – Еуразиялық экономикалық одақ құрамында бастады.

Бұған дейін бірыңғай кедендік кеңістік аясында жұмыс істеген Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері аумағында Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа үш мемлекет басшылары 2014 жылдың 29 мамырында Астанада қол қойды. Жақында олардың қатарына Армения елі қосылып, үштік одақтың құрамы кеңейе түсті. Еуразиялық кеңістікте мұндай аса ірі тұтыну нарығының құрылуы оған қатысушы елдер экономикасының көрігін қыздыруға ықпал етері даусыз. Әрине, оған шығаратын дүниең сақадай-сай болса. Осы тұрғыда дайындығымыздың қаншалықтығын күні кеше қорытындыланған индустриялық саясаттың алғашқы бесжылдық нәтижелерінен байқауға болады. Былтыр елімізде Индустрияландыру картасы бойынша 150 жаңа жоба іске асырылды. Олардың қатарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев іске қосқан Өскеменде титан құймалары мен балқымаларын өндіретін «Посук Титаниум» зауыты, Қарағанды облысындағы «Алтыналмас» АҚ-ның алтын өндіру фабрикасы, Ақтөбе рельс арқалығы, Орал трансформатор зауыттары бар. Сондай-ақ Ақмола облысының Степногор қаласындағы күкірт қышқылы өндірісімен айналысатын зауыттың тұсауы кесілді. Павлодарда автомобиль өнеркәсібіне, медициналық өнімдерге қажетті полипропиленді түйіршіктеу цехы, Атырауда хош иісті көмірсутегі өндірісі кешені, Алматыда сапасы жоғары отандық мата шығаратын фабрика, Шымкентте керемет кілем шығаратын екінші кәсіпорын іске қосылды. Астана қаласында бірқатар алып кәсіпорындар жұмысын бастады.

Ел игілігі жолында атқарылған істің бірі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында, Сырдария өзені арқылы көпір салынып, пайдалануға берілуі болды. Тікелей телекөпір барысында Елбасы Сыр өңірінің жұртшылығын құттықтай отырып: «Бұл – ғажайып құрылыс. Маған Сыр өңірінің жұртшылығы көптен осы көпір туралы айтып жүр еді. Мінеки, қаражат шығарып сол көпірді салып бердік. Енді оны іске қосып отырмыз. Сырдың екі жағындағы халық қатынасатын болады. Сырдарияның сол жағалауына да халық қоныстанады», деді.

Ел экономикасының дамуына жаңа серпін беретін «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА құрғақ порты пайдалануға берілді. Алдағы 2 жылда «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА құрғақ порты 200 мыңнан астам контейнерлерді қайта өңдеуге мүдделі болып отыр. Сонымен қатар еліміздегі алғашқы мұнай өнімдері терминалы іске қосылды. «Алтын Қыран» компаниялар тобының құрамына енетін «АСКИ-Маңғыстау» ЖШС-нің мұнай және мұнай өнімдерін ауыстырып-тиеу терминалы еліміздің үш мұнай өңдеу зауытының барлық өнімдерін экспорттауға, ашық түсті мұнай өнімдерін теңіз жолымен импорттауға, Қазақстан аумағы арқылы мұнай өнімдерінің транзит жолымен өтуіне септігін тигізеді. Сонымен қатар, терминал Маңғыстау өңірін мұнай өнімдерімен қамтуға ықпал етеді. Бүгінде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бірінші бесжылдығының бастапқы нәтижелері жоғары өнім жетістіктерін бере бастады. Экономиканың құрылымын өзгертуде маңызды қадам жасалды. Өңдеуші өнеркәсіптің өсім қарқыны дәстүрлі өндіру саласынан асатын деңгейге қол жеткізілді. Іске қосылған өндіріс орындары ел бюджетіне триллиондаған қайтарым беріп жатыр. Яғни индустрияландыру саясаты ел игілігіне қызмет етуде. Мемлекет басшысы келтірген мәліметтеріне қарағанда, бес жыл ішінде Қазақстанда бұрын өндірілмеген тауарлар шығарыла бастады. Тау-кен өндіру саласының ішкі жиынтық өнімдегі үлесі 16,5 пайызға азайды. Елімізде бұған дейін өндірілмеген, мүлде жаңа 400 өнім түрі игерілді. Өңдеуші сектор Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта экономикаға салынған барлық шетелдік инвестицияның 70 пайызға дерлігін бірінші бесжылдықта алды. Барлығы 770-тен астам жаңа кәсіпорын іске қосылды. Жұмысшылары жоғары білікті, еңбекақысы лайықты, мүлде жаңа деңгейдегі 75 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Бүгінде өнеркәсіптік секторда жұмыс істейтін қазақстандықтардың жалпы саны 1 миллионнан асады. Осы кезеңде өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі 60 пайызға артып, әрбір жұмысшы жыл сайын орташа алғанда 20 мың доллардан артық өнім шығарған. Экономиканың машина жасау, мұнай өңдеу, электр энергетикасы секілді жаңа ірі салалары пайда болды. Қазақстанға әлемнің ірі индустриялық алпауыттары – Airbus, General Electric, Alstom, Eurocopter, Toyota, Ssang Yong, LG және басқалары келді. Қазақстанның титаны қазірдің өзінде еуропалық Airbus авиақұрастырушы концерні сұранысының 15 пайызын өтеуі – айтарлықтай көрсеткіш. Индустрияландыру аясында инфрақұрылым базасы кеңейді, 4 мың шақырымнан астам автожолдар, 1700 шақырым теміржолдар салынып, жаңғыртылды. Соңғы бірнеше жыл ішінде әлемнің ешбір елінде тура

осындай ұзын көлік күрежолдары салынбаған екен. Индустрияландырудың алғашқы бесжылдығында машина жасау саласында теміржол вагондарын шығару 10 есеге, дизельдік локомотивтер 2,5 есеге артқан. Осы бес жыл ішінде отандық автоөндірісте жеңіл автокөлік шығару 12 есеге, тракторлар 6 есеге көбейген. Ал мұнай қондырғыларын шығару бұған дейінгі көрсеткіштен 3 есеге өскен. Ұлттық экономиканың маңызды саласы – ауыл шаруашылығы да жоспарлы түрде дамып келеді. Атап айтқанда, агроқұрылымда 2010 жылмен салыс-тырғанда ірі қара мал басының саны 50 пайызға артты. Ал өнеркәсіптік жылыжайлар алаңы 3 есеге өсті. Бүгінгі күні қаражат салып, ауыл шаруа-шылығының өнімін өндіруді қолдау арқасында біздің ішкі нарығымыз өзіміздің өніммен 80 пайызға дейін қамтамасыз етіліп отыр. Біз биылғы жылы мал шаруашылығы өнімдерін алғаш рет экспорттауды бастадық, оның көлемі 6 мың тоннаны құрады. Бүгінгі жағдайда бұл – аса маңызды көрсеткіш. Біз өзімізді азық-түліктің негізгі түрлерімен қамтамасыз ете аламыз: етпен, сүтпен, нан өнімдерімен, бұйырса, жеміс-жидектермен де толық қамтимыз. Ең бастысы, бізде энергия тасымалдау, отын – бәрі бар. Өсімдік майын шетелден әкелетінбіз, қазір өзімізден шығады. Етті де сырттан таситынбыз, қазір өзіміз өндіріп жатырмыз. Бүгінде құс етін сатып аламыз, оны да жабуға болады. Ештеңеден қорқудың қажеті жоқ. Өзіміз-ақ өмір сүре аламыз. Міне, бұл – біздің тәуелсіздігіміздің басты қағидаты. Осы негізгі көрсеткіштер бұдан әрі орнықтылана түссе, бізге еш алаңдаудың қажеті болмай қалады. Біз бұл дағдарысты да лайықты еңсереміз. Түйіндей айтсақ, бірінші кезекте тұтыну тауарларының барлығы елімізде толығымен қамтамасыз етілуі тиіс. Отандық өнімдер өзімізде шығарылып, өзімізде сатылса, біз импортқа да тәуелді болмаймыз, ал бұл дегеніңіз біз одан сайын тәуелсіз бола түсеміз деген сөз. Қазақстан экономикасы жаһандық дағдарыс жағдайында өзінің тиімділігін танытты. Жүргізіп келе жатқан саясаттың арқасында дағдарыстың ең қиын 2007-2009 жылдарында экономика өсімінің теріс көрсеткіштеріне жол берілмеді.

2014 жылдың соңында Индустрияландыру қорытындысына арналған телекөпірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ең дамыған 30 елдің қатарына ұмтылушы мемлекет ретінде Қазақстанға әлеуметтік сын-қатерлерге төтеп беру керек болатынын жеткізді. «Қазақстан экономикасының өсімін 6 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету үшін жыл сайын шамамен 100 мың жұмыс орнын құру керек. Өңдеуші индустрия жоғары кәсіби қызметтің 80 пайызын тұтынады. Индустриялық сектордағы бір жұмыс орны іс жүзінде қызмет

көрсету секторындағы 3-тен 5-ке дейін жұмыс орнын құрады. Сол себепті, индустрияландыру бағдарламасы арқылы жыл сайын 30 мыңнан 50 мыңға дейін сапалы жұмыс орны құрылуы тиіс. Сонымен қатар, экономикалық өсім дегеніміз – жұмыс орындарының өнімділігін көтеру», – деген болатын Мемлекет басшысы. Жоспарға сәйкес, 2020 жылға қарай жоғары технологиялық өнім үлесі ІЖӨ-нің 1,5 пайызынан 5 пайызына дейін өсуі тиіс. Кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтер секторы бүгінгі 8-ден 20 пайызға дейінгі өсімді қамтамасыз етуі қажет, ең бастысы – ол жекеменшік сектордағы инновацияны дамыту есебінен жасалады. Бұл міндеттерге жету жолындағы негізгі тұғыр Назарбаев Университеттің «Астана бизнес кампус» ғылыми паркі мен «Алатау» инновациялық технологиялар паркі болады. Еліміз жаңа жылдан қадам басқан еуразиялық экономикалық одақ – әлемдегі ірі тұтыну нарықтарының бірі. Бұл – энергия ресурстарының ірі экспорттаушысы болып саналатын интеграциялық бірлестік. Елбасының сөзімен айтсақ, ХХІ ғасырдың жаңа геоэкономикалық ақиқаты дүниеге қадам басты. Ендігі мәселе – осынау жаңа жағдайдағы тың мүмкіндіктерді Қазақ елінің мәңгі мүддесі тұрғысынан барынша тиімді пайдалана білуімізде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары