02.04.2018, 15:32

Алматылық кәсіпкерлер Мәжіліс депутаттарына сауалдарын қойды

Алматыда ҚР Мәжіліс депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Серік Сейдуманов пен Ержан Құдайбергенов алматылық шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті.

Халық қалаулылары оларға ҚР Президентінің 5 әлеуметтік бастама жобасының 4-бастамасы - шағын несие беру туралы түсіндірді. Аталған шара «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының алаңында өтті.

Сондай-ақ, жиынға «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры төрағасының орынбасары Ғалым Нұрғазиев, «Нұр Отан» партиясы Алмалы аудандық бөлімшесі басшысының бірінші орынбасары Найля Ордабаева қатысты.

Жиын барысында халық қалаулылары кәсіпкерлердің алаңдатқан сауалдарына жауап беріп, кәсіпкерлерді қолдаудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырылу процесі туралы айтты.

«Елбасы жұмыссыздар мен өзін жұмыспен қамтып жүргендердің арасында жеңілдікпен несие беру тетіктерінің тиімділігін атап көрсетті. Бұл бастамамен жүзеге асырылса, жұмыссыздар да, аздаған кәсібі барлар да бизнесін одан әрі дамытып, жаңа жұмыс орындарын құра алады», - деді С.Сейдуманов.

«Біз ҚР Үкіметіндегі жұмыс тобының ұсынған жолдарын қараймыз. Мәжіліс депутаттары осы механизмдерді түсіндіруді мақсат етеді. Елбасы айтқан мәселені халық күтіп отыр. Әсіресе баспана мәселесі -жалғыз басты аналар, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылар үшін өте өзекті мәселе. Бүгін кәсіпкерлердің несие алуда кездесіп жатқан қиыншылықтарын тыңдадық. Өз кезегімізде ол сұрақтардың барлығын Нұр Отан партиясының фракциясына ұсынатын боламыз», - деді депутат Ержан Құдайбергенов.