Кеше палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтіп, депутаттар Кәсіпкерлік кодекс жобасын ілеспелі түзетулермен бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Кәсіпкерлік кодекс жобасы 8 бөлімнен, 34 тараудан және 465 баптан тұрады. Онда кәсіпкерлік қызмет үшін өте маңызды мәселелерді реттеу көзделіп отыр, атап айтқанда: кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимыл жасауына негіз болатын бірыңғай қағидаттар бекітіледі, дауларды соттан тыс және сотқа дейін реттеу, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл және инвестициялық омбудсмен бойынша жалпы ережелерді бекіту арқылы кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау нысандары мен тәсілдері жүйеленеді, шағын кәсіпкерлікті, агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық жердегі кәсіпкерлік қызметтің ауылшаруашылық емес түрлерін, отандық тауар өндірушілерді, арнайы экономикалық аймақтарды, инвестициялық және индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдаудың негізгі бағыттары жүйелі түрде бекітіледі.
Кодекс жобасы бойынша жұмыс тобына 915 түзету келіп түсіп, олар мүдделі министрліктер, ведомстволар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының 23 отырысында, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің кеңейтілген отырысында қаралған. Ілеспелі заң жобасы Кәсіпкерлік кодексі жобасының нормаларын іске асыру мақсатында әзірленген, ол еліміздің 10 кодексі мен 83 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
Осы күні Мәжіліс дербес білім беру ұйымдарының қызметін реттеу мәселелеріне қатысты заң жобасын үшінші оқылымда қарады. Парламент Мәжілісі Регламентінің 38-тармағына сәйкес, үшінші оқылымға депутаттар жазбаша ұсыныстар енгізіп, ол жұмыс тобы тарапынан қолдау тапқан. Қазіргі уақытта заң жобасы бойынша қалыптастырылған кесте 62 позициядан тұрады.
Мәжіліс депутаттары жалпы отырыста «жасыл экономикаға» көшу мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы заң жобасын жұмысқа қабылдады.
Сондай-ақ, Қазақстан мен Жапония арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялау бойынша бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімін тағайындады. Палата Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы Алматы қаласында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі географиялық жағынан қашық орналасқан офисін ашу туралы келісімді ратификациялауға қатысты заң жобасы бойынша жұмысты одан әрі жалғастырады.
Әрі соңғы жылдары елімізде шағын және орта бизнесті дамыту үшін түрлі ұйымдар ашылған болатын. Соның бірі - «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қазақстандағы шағын және орта бизнестің (ШОБ) даму ахуалы мен проблемалары жайындағы кешенді зерттеудің қорытындыларын жариялайды. Осымен екінші рет жүргізілген зертеу 2010 жылдың қазан - желтоқсан айларында іске асырылған. Бірінші жобаны Даму Қоры 2009 жылы жүзеге асырып нәтижелерін жариялаған болатын.
Әдіснамалық және мағыналы сабақтастық арқасында, 2010 жылғы зерттеудің басты көрсеткіштері алдыңғы жүргізілген зерттеудің негізгі нәтижелерімен салыстыруға тұрарлық. Сонымен қатар 2010 ж. зерттеу жобасында мейлінше үлкен және әртүрлі әдіснамалық арсенал қолданылды. Онда сандық тұрғыдағы әдістермен қатар (ШОБ институционалдық және салалық құрылымын бейнелейтін жұмыс істеп жүрген 2000 кәсіпкерге таңдау жолымен сауалнама жүргізу, 2010 ж. Кәсіпкерліктің жедел курсына қатысқан әлеуетті және ісін жаңадан бастаған 1500 бизнесмен-тыңдаушылар арасында сауалнама, 2009 ж. Кәсіпкерліктің жедел курсы тыңдаушыларының «тренингтен кейінгі» кәсіпкерлік қызметтеріне таңдамалы түрде мониторингтік зерттеу жүргізу, Даму Қорының қаржылық бағдарламалары қатысушыларына сауалнама жүргізу) сапалық тұрғыдағы әдістер де (әртүрлі санаттағы қалалық және ауылдық кәсіпкерлерден құрылған фокус-топтар, бизнесін әртүрлі себептермен тоқтатуға мәжбүр болған бұрынғы кәсіпкерлерден құрылған фокус-топтар, жаңа жобаларды немесе бизнестің жаңа бағыттарын меңгерген кәсіпкерлермен көкейтесті сұхбаттасу) қолданылды. Шағын және орта бизнесті кешенді зерттеу тәжірибесінде бірінші рет кейс-стади қолданылды. Олар бизнес ашу және қолданыстағы бизнесті жаңғырту, өндіріс және сауда нысандарын салу, мақсатты кредиттерді игеру кезінде туындайтын проблемаларды, нақты дәлелдермен, егжей-тежейлі оқып-үйренуге мүмкіншілік берді.
Алынған нәтижелер, оларды 2009 ж. зерттеу көрсеткіштерімен салыстыру, Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерліктің айтарлықтай қарама-қайшы келбетін береді.
Дағдарыс кезінде кәсіпкерлік орта пессимизм мен торығушылық күйге бой алдырмаған. Сауалнама жүргізілген кәсіпкерлердің 70% астамы өз бизнесінің келешегі айқын десе, кәсіпкерлердің 40% астамы қызметтің жаңа түрлерін, өнімдер мен қызметтерді игергілері келетіндігін хабарлады. Респонденттердің 35% астамы өз бизнесінің бағалау құнын ұлғайтатыны жөнінде хабарлады. Кәсіпкерлердің жартысынан астамының салық аударымдарының көлемі ұлғайды. Бұл салық заңнамасын ырықтандыру аясында салық салу базасын көтерген үдеріске қарай орын алды. Респонденттердің дерлік 70% жуығының өнімдері мен көретілетін қызметтерінің бағасы өсті, 40 % астамының сату көлемі ұлғайды. 44% жуық респонденттің кәсіпорындарында қызметкерлердің жалақы қоры ұлғайса, жалданбалы жұмысшылар санын ұғайтқан кәсіпкерлердің тек 22%-да ғана жалақы өскен.
Дегенмен, жалпы алғанда, шағын және орта бизнесте түбегейлі өзгеріс бола қоймаған. ШОБ басым бөлігі өміршең болу үшін күресумен келеді. Сұрау салынған кәсіпкерлердің төрттен үш бөлігінің қаржы ресурстары бизнесін ұстап тұруға ғана жетеді. Кәсіпорындардың тек ширегіне жуығы, жеке кәсіпкерлердің 17% және шаруа қожалықтарының 13% ғана бизнесін айтарлықтай жетілдіруге және дамытуға қаражаты бар. Дағдарыс кезінде кәсіпкерлердің мүмкіндіктері барынша шектеулі болды, жоспарлары мен талап-ниеттеріне мейлінше абай болды. 2009 ж. зерттеумен салыстырғанда, 2010 ж. қаражатын жаңа жабдық сатып алуға, жаңа құрылысқа, қызметкерді оқыту мен біліктілігін арттыруға бағыттауды ниет еткен кәсіпкерлер үлесі 30-40% қысқарды.
2010ж. мемлекеттің кәсіпкерлік ортадағы бизнес климатты жақсарту жөніндегі саясаты 2009ж. салыстырғанда мейлінше оң бағаланып отыр. Мемлекет тарапынан болатын тексерулерді реттеу шаралары да көпшілік арасында құптау тапты. Бірінші рет, тек Даму Қорының жобалары бойынша жүргізілген зерттеу ғана емес, соңғы онжылдықтағы Қазақстанның ШОБ-нің барлық маңызды әлеуметтік зерттеулерін қоса алғанда да, жиі және негізсіз мемлекеттік тексерулер проблемасы бизнесті мазалайтын проблемалар рейтингісінің алдыңғы шебінен кетті деуге болады. Егер 2009ж. жүргізілген зерттеулер кезінде салық әкімшілдігі салық заңнамасына сай жақсы жағына қарай өзгермей отыр деген пікір басым болса, 2010ж. зерттеулер нәтижесінде сауалнама жүргізілгендердің 70% жуығы соңғы жылдары Қазақстандағы салық заңнамасы да, әрі салық әкімшілдігі де жақсарып келетін ін алға тартады. Респонденттердің 60% Қазақстандағы салық климаты бизнеске өзге ТМД елдеріне, әсіресе, Ресейге қарағанда, әлдеқайда қолайлы екендігін сеніммен айтады.
Қазіргі кезде бизнесті тіркеу кәсіпкерлер үшін қандай да бір ауыртпалық болудан қалды. Өз қызметін мемлекет органдарының тексеруі салдарынан тоқтатқан кәсіпкерлер үлесі былтырғы жылғы зерттеулермен салыстырғанда 17%-дан 8%-ға дейін төмендеді.