13.07.2015, 18:00

АҚШ-та үлкен дағдарыс болуы мүмкін

thenews.kz

АҚШ билігі Грекияның қарыз жағдайынан үлгі алмаса, экономикалық дағдарысқа тап болуы мүмкін. Республикалық партияның бұрынғы конгрессмені, 3 рет АҚШ президенттігіне үміткер Рон Пол осындай пікірде деп жазады Lenta.ru

Рон Полдың пікірінше, АҚШ бюджетіне әскери шығындар біраз салмақ салып тұр. «Америка сыртқы саясатынан бас тартып, триллиондарды қажетсіз соғыстарға жұмсауды тоқтатпайынша, өзінің қаржылық істерін реттей алмайды», — деп атап өтті ол.

Қазіргі уақытта Американың мемлекеттік қарызы 18,3 трлн доллардан асады. Елдің ЖІӨ-і 18 триллион долларды құрайды. Әр секунд сайын қарызы бірнеше мың долларға өсіп отырады.

10 шілдеде Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тың үлкен сыртқы қарызын БРИКС пен ШЫҰ-ны қосқанда бүкіл әлем экономикасы үшін қауіпті проблема деп атады.

Экс-конгрессмен доллардың әлемдік резервті валюта статусынан айырылып қалу қаупіне қатысты да ойын білдірді. «Қытай мен Ресей халықаралық есептеулер кезінде доллардан бас тартуға дайын. Көптеген елдердің валютасы доллармен бәсекелес болмақ. Бұл тек уақыттың еншісінде. Егер солай болса, грекиялық дағдарыс қайталануы мүмкін», — деп ескертті.

Еске салайық, 13 шілде күні Германия канцлері Ангела Меркель Еуротоптың (еуроаймақ елдерінің қаржы министрлерінің кеңесі) Грекияны қарыздық дағдарыстан шығару туралы келісімге келгендігін мәлімдеді. Афина елге үнемдеу режимін енгізгені үшін 86 млрд еуро алады.