ҚР Ұлттық банкі теңгенің долларға шаққандағы дәлізін 1 доллар үшін 198 теңгеге дейін кеңейтті. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті.
«Елдегі валюта саясаты екінші жартыжылдықта өзгермейді. Біздің ойымызша, валюталық дәліз бүгінгі таңда оңтайлы деңгейде. Бірақ қазіргі уақытта доллар бағамы белгіленген межеден сәл асып кеткендіктен, бүгінде биржада доллар бағамы 180 теңгеден жоғары, осы ретте біз валюта саясатының ортамерзімді таргеттеу саясатына көшу қарсаңында доллар бағамының дәлізін 185 теңге плюс 13, минус 15 теңге деңгейінде, яғни 170 теңгеден 198 теңге аралығында етіп белгілеуді шештік», - деп атап өтті ол.
Қазақстанда бұған дейінгі теңгенің долларға шаққандағы айырбас бағамының ауытқу шегі 170-188 теңге болған.
Бүгін Қазақстан қор биржасында таңертеңгі сессияда доллардың орташа бағамы 187,5 теңге болды.
Қазақстан билігі биыл теңгенің күрт құлдырауына себеп жоқ деп бірнеше рет мәлімдеген. Соңғы рет Қазақстанда теңге 2014 жылдың ақпанында бірден құлдырап, долларға шаққандағы айырбас бағамы 150 теңгеден 182-188 теңге аралығына дейін өскен. Девальвациядан кейін елде импорттық тауралар қымбаттап, коммерциялық банктерде тұрғындардың валюталық салымдарының үлесі артқан.