15.06.2018, 06:21

Алматы туризмін дамытуға Франция компаниялары да атсалысатын болады

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Франция Ұлттық ассамблеясының депутаты, «Франция-Қазақстан» парламентаралық достық тобының төрағасы Пьер Кабаремен кездесті. Тараптар мәдени - гуманитарлық байланыстарды, соның ішінде білім беру және туристік кластерді дамыту тәжірибесін алмасу бойынша ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Қазақстанның тәуелсіздік жылдары екі ел арасында барлық бағыттар спектерлері бойынша серіктестік қатынастары орнықты. Бүгінгі күні Алматыда француз капиталымен сауда, тамақ өнеркәсібі, көлік пен телекоммуникация салалары бойынша 60-тан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Алматы мен Франция арасындағы тауар айналымы биылғы жылдың бірінші тоқсанында 13%-ға өсіп, оң динамика қалыптасты. Бұлардан өзге, мегаполисте Франция мәдениеті мен өнеріне қатысты түрлі шаралар қала тұрғындары арасында жиі өтіп тұрады.

Кездесу барысында Пьер Кабаре екі мемлекет пен екі ел арасындағы ынтымақтастықтың ең алдымен сенім мен достыққа негізделгенін атап өтті.

«Бұл менің Алматыға алғаш келуім, байқағаным қала заманауи трендтер мен жаңа технологиялар акценті бойынша даму үстінде екен. Таулардың тым жақын орналасуы - Алматының туристік тартымдылығының таптырмас артықшылығы. Осы бағытты дамытуда француз компанияларының тәжрибесі мол, ал бұл екі жақты байланысты одан әрі нығайтудың тағы бір саласы», - деді Ұлттық ассамблея депутаты.

Айта кетерлігі, қазіргі кезде Алматыда «Альянс Франсэз» өкілдігі бар. Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетте Орта Азиядағы алғашқы «Сорбонна-Қазақстан» институты жұмыс істеуде. 2016 жылы Франция астанасы Парижде ЮНЕСКО аясында Алматының 1000 жылдығы мерекеленді. Алматы мен Ренн қалалары бауырластығының 25 жылдығы құрметіне француз қаласында Абайдың бюсті ашылды. Алматыда күзде «Цифрлы күз» фестивалін өткізу жсопарланған, мұнда қала тұрғындары мен қонақтары цифрлы технологиялар арқылы француз мәдениетімен және өнерімен танысатын болады.