$ 494.87  520.65  4.91

Қазақстандықтардың зейнетақыға деп жиған қаржысын билік Қытай компанияларына құйған

Шекара асқан миллиардтар! Жұрттың кәрілікке жиған ақшасы енді Қытай мен Үндістанның квазимемлекеттік компанияларына құйылған. Бұрын активтерді тиімсіз кәсіпорындарға аударып, әуреге түскен қаржыгерлер бұл жолы инвестициялар дер кезінде, әрі мол табыспен қайтады деп сенімді. Десе де, бұл жағдайдың қамсыз қарттықты аңсайтын халықты алаңдатпай қоймайтыны белгілі дейді КТК телеарнасы.

Мамандарға сенсек, алаңдауға еш негіз жоқ. Тәуелсіз экономистер де зейнетақы қорындағы ақшаның текке жатпай, табыс әкелгені дұрыс дейді. Бірақ, Әзірбайжан банкінен қайтуы бас қайғыға айналған 71 миллиард теңгенің көптің көңіліне күдік ұялатып қойғаны бар. Елдердің аты бірінен соң бірі шығады. Жалпы жинақтарды инвестициялау Ұлттық банктің құзырындағы мәселе. Сол бас банк ештеңеге қарамастан, өткен жылы зейнетақы активтерін Польша мен Бразилия, Мексика, Индонезия сынды дамушы елдер Үкіметінің бағалы қағаздарына сала бастаған еді.

Міне, осы стратегияның жалғасы ретінде Ұлттық банк өткен айда Үндістан мен Қытайдың квазимемлекеттік секторына да қаражат аударған. Бақандай 30 миллиард теңге. Сөздеріне сенсек, қазақстандықтардың ақшасы тек кредиттік рейтингі жоғары компанияларға құйылыпты. 

Қадыржан Забих, «БЖЗҚ» АҚ қоғаммен байланыс департаментінің директоры:

- Инвестициялар өте құнды, экономикалық ресурстары бай елдерге салынады. Бұл инвестициялар сол елдердің Үкіметтері тарапынан бақыланып, қаралып отырады. Мұның бәрі олардың несиелік тәуекелділігін төмендетеді.

Қыруар  қаражат шет мемлекеттерге бұдан әрі де инвестициялана бермек. Әрине, оның  қанша табыс әкелетіні бәрімізге қызық. Қор қызметкерлерінің айтуынша, активтер 2-6 пайыздық өсіммен қайтады. Қарыздың кері оралу уақыты әртүрлі. Ұлттық банктің зейнетақы активтерін басқару бағытын өзгертуі оң нәтиже бере бастағандай. Өйткені, қордағы жинақтың таза инвестициялық табысы мардымсыз болса да, өсіпті.  Мәселен, өткен жылдың 5 айындағы түсім 114 миллиард 380 миллионды құраса, биыл осы уақыт ішіндегі табыс 236 миллиардтан асқан. Инвестициялық пайда инфляция деңгейінен сәл ғана жоғары болғанына қарамастан, бұл біз үшін қуантарлық жағдай.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары