$ 494.87  520.65  4.91

«Алматы – 2050» Даму стратегиясы әзірленеді

Алматы агломерациясының аумағы әлемдегі отыздан астам мемлекеттің территориясынан үлкен болып шықты. Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Алматының агломерациялық даму келешегі қаралды.

Үкімет отырысында күн тәртібі бойынша Алматы агломерациясы жобаларын іске асыру барысы туралы Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Р.Скляр, Алматы қаласының әкімі Б.Байбек және Алматы облысы әкімінің орынбасары Л.Тұрлашов баяндады.

Еліміздің бас экономисінің айтуынша, қазақ елінің Алатау бөктеріндегі жаңа әрі алып агломерациясы аумағы – 9,4 мың шаршы шақырымға немесе бір миллиондай, дәлірек айтқанда, 939,5 мың гектар жерге созылып жатпақ. Бұл Ватикан, Монако, Сан-Марино, Лихтенштейн, Мальдив, Мальта, Бахрейн, Сингапур, Люк­сембург, Бруней, Палестина, Кипр сияқты кішкентай 34 мемлекеттің территориясынан да үлкен көрінеді.

– Алматы – еліміздің агломе­рациялық орталық ретінде белсенді қалыптасушы ірі мегаполисі. Қаланың тартылыс аймағына онымен эконо­микалық, еңбек және әлеуметтік тұрғыдан тығыз байланысты Талғар, Есік, Қаскелең, Қапшағай қалалары мен Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай және Талғар аудандарының елдімекендері кіреді. Алматы адамдық, қаржылық ресурстардың, білім беру және ғылыми әлеуеттің көп шоғыр­лануымен, ұлттық және әлемдік нарықтармен байланысты қамтамасыз ететін дамыған инфрақұрылымымен ерекшеленеді, – деді Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Алматы агломерациясын дамыту жөніндегі іс-шаралардың 2020 жылға дейінгі Өңіраралық жоспары қабылданған. Онда 67 іс-шара көзделген.

Осы іс-шаралар жоспарын іске асыру үшін республикалық бюджеттен 23,6 млрд теңге, ал жергілікті бюджеттен 362,8 млн теңге қарастырылған.

– Мемлекет басшысының 2017 жылғы 20 қыркүйектегі «Алматы қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту» кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес, қала әкімдігі Алматы қаласының мастер-жоспарын әзірлеуде, құжат 2018 жылдың соңына дейін дайын болуға тиіс. Елбасы қойған міндет бойынша 2018 жылдың соңына дейін ірі қалалардың, соның ішінде Алматының 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді стратегиясы әзірленуге тиіс, – деді министр Т.Сүлейменов.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің дерегінше, Алматы агломерациясын 2020 жылға дейінгі дамыту жөніндегі Өңіраралық жоспарына сай, Өнеркәсіп объектілерін Алматы қаласының сыртына шығару қолға алынған.

«Алматы агломерациясы – 2020» жоспарының 13-тармағында «G4 City қала-спутниктерінің аумағында «Жаңа Алматы» арнайы экономикалық айма­ғын құру» ұсынылған.

Айта кету керек, G4 City жобасына сәйкес, Алматының жанында жаңадан 4 қала пайда болмақ.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары