27.07.2015, 10:39

Қазақстанда дизель тапшылығы болуы мүмкін

astanafm.kz

Қазақстанда 2023 жылы дизель тапшылығы болуы мүмкін. Бұл туралы Астанадағы брифинг кезінде энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин мәлімдеді.

«2023 жылы 1-1,5 млн тонна дизель жетіспейді деген болжам бар. Оны болдырмас үшін қазір жаңа зауыт туралы ойлану қажет. Сонымен қатар, құрылыс алаңын, инвесторлар тауып, бұл жобаның экономикалық пайдалы болуын да ескеру керек», — деп атап өтті ол.

Вице-министрдің атап өтуінше, 2017 жылы Қазақстандағы барлық мұнай өңдеуші зауыттарды (МӨЗ) қайта жөндеуден өткізгеннен кейін ішкі нарықты жанармаймен қамтамасыз етуге болады.

Төртінші МӨЗ-дің құрылысы кезінде үкіметтік комиссия әкімшілік пен компаниялардың ұсыныстарын қарастыратын болады. «Бірінші кезекте таза экономикалық жағын назарға аламыз. Сондай-ақ, мұнаймен қамтамасыз ету және логистика мәселелері қаралатын болады. Мұнай өнімдерін экспортқа шығару мүмкіндіктерін елеусіз қалдырмаймыз», — деді вице-министр.

Айта кетейік, осыған дейін энергетика министрі Владимир Школьник төртінші МӨЗ-дің орны мен құрылыс мерзімі 2015 жылдың соңына қарай белгілі болады деп хабарлаған еді. Kazenergy ассоциациясының төрағасы Әсет Мағауовтың сөзінше, жаңа зауытты қытайлық CNPC компаниясы салуы мүмкін.