Маңғыстау облысында негізгі туристік нысандарды қажетті инфрақұрылым мен көліктік қолжетімділікпен қамтамасыз ету үшін электр тасымалдау желілерін, сумен жабдықтау және суды бұру жүйелерін салу, жолдарды қалпына келтіру бойынша техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатыр.
Жұмыстар аймақтың туристік нысандарының көліктік қолжетімділігі мен инженерлік инфрақұрылымын қамтамасыз ету жоспарына сәйкес жүргізілуде. Бұл туралы Маңғыстау облысы туризм басқармасының бастығы Гүлжан Байжауынова хабарлады.
«Бірінші кезекте, коммуникациялық жүйелер Каспий теңізінің Ақтау қаласы жағалауындағы жағажай туризмі және ойын-сауық индустриясын дамыту аудандарында керек», - деп хабарлады Г.Байжауынова.
Оның айтуынша, облыс әкімі Алик Айдарбаев Ақтау қаласының әкімдігіне Ақтаудағы демалыс базалары, жағалау бойынша қажетті инфрақұрылымды (электрмен қамту, сумен қамту, жол, газбен қамту және кәріз) салуға ТЭН мен ЖСҚ-ны әзірлеуді тапсырған.
«2015 жылғы жергілікті бюджетті нақтылау кезінде Өмірзақ ауылынан бастап демалыс базаларына дейін 6 млн. теңге сомасына жолдар салу ұсынысы енгізілген. Ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталып қалды, бірақ біз жолды одан да жақсы еткіміз келеді. Берген өтініміміз бекітілді», - деп баяндады Маңғыстау облысы туризм басқармасының бастығы.
Каспий теңізі – өзінің жағалауындағы елдер үшін игілік көзі әрі су жолы екені белгілі. Ал оның маңайындағы туристік мүмкіндік зор ықыласқа ие. Бірақ, алдымен ол достық теңізі болуы да тиіс. Тұңғыш рет Ақтауда өткен Каспий маңы өңірінде туризмді дамыту бойынша I халықаралық форум осы жайттарды көтерді.
Еліміздің Инвестициялар және даму министрлігінің өкілдері, Иран, Түрікменстан, Түркия мемлекеттерінің Ақтау қаласындағы бас консулдары, Әзербайжан Республикасы бас консулының кеңесшісі, Дағыстан Республикасы туризм комитетінің төрағасы, Ресей, Германия елдерінен туризм саласы бойынша халықаралық сарапшылар, ғылыми-зерттеу институттары мен өзге де оқу орындары жетекшілері, өңірдегі туристік фирмалардың басшылары мен кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысқан форумда Каспий маңы елдерінде туристік әлеуетті арттыру жайы сөз болды.
Туризм өзгелерді таңғалдыратын дүниелеріңе, басқаларда жоқ немесе өзіндік айрықша сипатқа ие ерекшелікке ғана бас иеді. Сондықтан ұйымдастырушы тарап форум қонақтары мен қатысушыларды алдымен Маңғыстаудың қолданбалы өнер түрімен таныстырудан бастады. Мұнда Қазақстан, Франция, Нидерланд шеберлерімен біріккен жұмыстар жұртшылық назарына ұсынылды.
– Маңғыстау облысы еліміздегі табиғи теңіз жағалауы бар бірден-бір өңір. Мұнда тарихи-мәдени ескерткіштер шоғырланған. Табиғаттың сұлу көріністерін тамашалауға жыл сайын көптеген экотуристер келеді. Өңірде туристік әлеуетті дамытудың негізгі бағыттары еліміздің туристік аймағын дамыту тұжырымдамасы аясында жасақталған Маңғыстау облысының туризмді дамытудың 2020 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарында көрсетілген. Олардың ішінде Ақтау қаласы теңіз жағалауында туристік нысандар үшін инженерлік инфрақұрылымды дамыту, туристік нысандарға дейін жолдар мен паркингтер салу, Кендірлі курорттық аймағын дамыту мәселелері бар. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Кендірліні дамытуға айрықша назар аударылуда. Қазіргі таңда «Rixos» компаниясы инвестор ретінде таңдалды. Техникалық-экономикалық негіздеме және жобалау-смета құжаттары жасалып, инженерлік инфрақұрылым жұмыстары жүруде. Әуежай және жол салу мәселесі назарда тұр. Нақтырақ айтсақ, Кендірлідегі жұмыстар оны республикамыздың осы саладағы жетістігі ретінде көрсетеді деп сенеміз және Кендірлі болашақта алқалы жиындар өтетін тамаша орын болатындығы күмәнсіз. Біздің өңірде инвесторлар үшін туристік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Бірлескен жобаларды жүзеге асыру өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға қол жеткізеді, – деді Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары С.Алдашев.
Екі күн бойы форумға қатысушылар ішкі туризмге, балалар туризміне және инвесторлар арқылы жасалатын жобаларға мемлекеттік және қоғамдық қолдауды дамытудың өзекті мәселелерін талқылап, қоғамдық ұйымдар мен коммерциялық құрылымдардың және мемлекеттік мекемелердің көрсетілетін қызмет сапасын, сондай-ақ туристік саланы табысты дамытудың үрдістерін, Каспий маңы аймағында туристік қызметтің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы өзара қарым-қатынас мәселесін ортаға салды.
Туристік бизнес келтіретін кіріс көлемі бойынша әлемде үшінші орында тұр. Ал, біздің елімізде әзірге әлсіз даму үстіндегі бұл сала экономиканың 0,3 пайызын ғана қамтиды екен. Осы туралы айтқан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты С.Оспанов инфрақұрылымның нашарлығын, көрсетілетін қызмет бағасының жоғарылығы мен сапасын, жол, қарым-қатынас, билет құны мен тапшылығы мәселесін алға тартты.
Қазақстан туристік ассоциациясының директоры Р.Шайкенова археологиялық қазбаларға, тарихи-мәдени мұраларға бай, теңіз жағасында орналасқан Маңғыстау өңірінің туризмді дамытуға мүмкіндігі мол екендігін айтып, аталмыш саланы дамыту үшін заңға өзгерістер енгізіп, әкімшілік кедергілерді алып тастау керек деген ұсынысын жеткізді. Маңғыстаудың тарихи-мәдени мұралары жайлы өңірдің бас археологы А.Астафьевтің баяндамасы қызғылықты тыңдалды. Жартыаралдың бойына бүккен құпиялары, Қапамсай, Шақпақтысай жергілікті каньондары, Торыш және Түпқарағанның табиғи-ландшафттық аймақтары, Көкаланың алуан түске боялатын топырағы, Шерқала тауы, Самал, Жылшы бұлақтары мен Қаратау табиғи-ландшафттық аймағындағы Айрақты-Шоманай тау сілемі, Үстірттегі Қарынжарық, Көгесем, Бозжыра қырлары туралы айтты. «Туристік бағытта сауатты, мұқият жасалған қадамдар өңірге жаңа экономикалық мәртебе сыйлауы мүмкін», деп қорытты ойын ол. «Еуразия аймағының биоалуантүрлілігі мен табиғатын қорғау одағы» жұмысшы тобының жетекшісі, германиялық Т.Дитерих пен ресейлік «Дронт» экоорталығының жетекшісі М.Пестов өздерінің қазақстандық әріптестерімен бірге сараптамалық топ құрып, Үстірт аймағын ЮНЕСКО тізіміне енгізу бағытында техникалық жұмыстар жүргізіп жатқандығынан хабардар етті. Форумда яхталарда демалу, мерейтойларды атап өту сияқты теңіз туризмін дамыту, туристік салаға инновациялық менеджментті енгізу мәселелері айтылып, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау орталығы туристерге қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарын жұртшылық назарына ұсынды.
Каспий маңындағы елдерде туризмді қайтсе дамытуға болады? Маңғыстауда мүмкіндігі орасан, бірақ қай бағытта жұмысты жүргізіп, нендей жаңа, соны бастамаларды қолға алу ұтымды? Осы тұрғыда айтылған ой, ортаға тасталған ұсыныс та көп болды. Форум соңында ұйымдастырушы тарап – Маңғыстау облыстық туризм басқармасы басшысы Г.Байжауынова форумға келіп тәжірибелерін бөліскен әріптестерге алғысын айтып, Маңғыстаудың туристік әлеуетінің зор екендігіне күмән жоқтығын, сондықтан қызығушылық танытқандарды өркенді жобаларды бірлесіп қолға алуға шақырды. Басқосу соңында Маңғыстау облысының туризм басқармасы Байқоңыр қалалық әкімшілігі мәдениет, жастар саясаты, туризм және спорт басқармасымен балалар туризмін дамыту бойынша, Маңғыстау туризм колледжі Болгариядағы Варна туризм колледжімен студенттерді жазғы тәжірибеден өткізуді ұйымдастыру мәселесі бойынша, сондай-ақ Маңғыстау облысының «Турист» ЖШС Батыс Қазақстан облысының балалар-жасөспірімдер туристік орталығымен өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Қазақ даласы – қымсынбай көрсетіп, ұялмай жарнамалауға тұратын мұралар мекені, Маңғыстау – теңіз жағасындағы сары алтын құмы, жайлы жағалауы бар демалуға қолайлы өңір. Бұл елімізде туризмнің дамуына мүмкіндік бар екендігін аңғартады, бірақ бұл салада бізді үлкен жұмыстар, тың бастамалар күтіп тұр.