03.07.2014, 00:00

Экспо-ның ғимараты тұрғын үйге айналды

Cурет: inform.kz

Бүгін ЭКСПО-қалашығының құрылысымен танысқан ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық көрменің қонақүйлерін қазақстандықтарға арналған тұрғын үй ретінде пайдалану жағын да ойластыруды тапсырды.

Бұл туралы «Қазақпарат» хабарлады.

Айта кетейік, халықаралық деңгейде шара өткізген талай елдерде қаңырап қалған спорт түрлеріне арналған стадиондар және басқа да ғимараттар көптеп кездеседі. Сонау алысқа кетпей-ақ, 2004 жылы Афиныда өткен Жазғы Олимпиада ойындарынан кейін аталған қаладағы зәулім-зәулім спорт ғимараттарының біразы бүгінде бос қалған. Одан бөлек, 2010 жылы Ванкуверде өткен Қысқы Олимпиада ойындарынан кейін де біраз ғимараттар бос қалған. Ғаламтор кезген кез келген адам оған көз жеткізе алады. Сондай-ақ, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасынан кейін де аталған қаладағы атақты «Құс ұясы» деген атқа ие алып стадион да бос қалған. Бұл жөнінде ғаламтордағы суреттер баяндайды.

Әлемде жиі болып тұратын осындай жайттар тек спортта ғана кездеспейді. Осының алдын алу мақсатында Елбасы ЭКСПО көрмесіне орай салынып жатқан барлық ғимараттардың келешегінде ойластыру қажеттігін ескертті.

– Біздің міндетіміз – ЭКСПО-дан кейін барлық осынау ғимараттарды одан әрі пайдалануды ойластыру. Бастапқыда қонақ үй ретінде берілетін барлық тұрғын үйлер кейіннен қалалықтар үшін, қазақстандықтар үшін пәтер ретінде пайдаланылуы тиіс. Барлық сауда ойын-сауық және ғылыми орталықтар кәдеге жаратылуы қажет, – деді Елбасы.

Осы ретте Елбасы басқа елдердің көрмеге қажетті ғимараттарды салғанын, ал шара өткеннен кейін аталған нысандардың әлі күнге дейін қаңырап бос тұрғандығын ескертіп өтті. ҚР Президентінің атап өтуінше, қонақтарға қызмет көрсету саласын жақсарта түсу қажет. «Сонымен қатар біз қонақтарға ұлттық мәдениетімізді көрсетуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.

«SKIFNEWS.KZ».