25.08.2018, 03:29

Қазақстанда шетелден әкелінетін автокөліктер күрт қымбаттауы мүмкін

1 қыркүйектен бастап Қазақстанға сырттан әкелінетін автокөліктер үшін кедендік баж салығы 6%-ға төмендейді. Бұл жеңілдік Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге ғана қатысы бар деп мәлімдеді КТК телеарнасы.

Әрине, жаңа көлік жанға жайлы. Бірақ оны шетелден әкелу әлдеқайда қымбатқа түсуі мүмкін.

Айта кетейік, жеңілдік бойынша су жаңа темір тұлпарды елге кіргізу үшін оның кедендік құнынан 17% ғана жарна төлеу міндеттеледі. Ал, зауыттан шыққанына 7 жылдан асқан жеңіл автокөлікті тіркеу үшін салық құны 22%-ды құрады.

Мысалы, сіз 10 мың долларға су жаңа көлікті шетелден аласыз. Кедендік рәсімдеу кезінде оған тағы 1700 доллар жарна қосылады. Сондай-ақ, оның қозғалтқышының әр текше метріне 1,14 еуро төлеу қажет. Көлемі үш литрдей көлік сізге шамамен 15 мың долларға бағаланады. Сол сәтте дәл осы көлік үлгісі қазақстандық автосалондарда  7-8 мың доллар төңірегінде тұрады. Міне, баға айырмашылығы жер мен көктей.

Автозауыттардың ресми диллерлермен өзара келісімі бар болғандықтан, мұндағы өкілдіктерінен көлік алу тиімдірек. Сондықтан жеңілдік жасалса да, шетелден автокөлік толассыз тасымалданады деу қиын. Себебі, экологиялық «еуро» стандартына сай көлікті сатып алуға кез келген адамның қалтасы көтермейді. Сондай-ақ, сіз тізгіндеген темір тұлпарға қойылатын талаптар күшейтілді. Және бір жыл ішінде екі, не одан да көп көлік әкелсеңіз, сізге салықты бұрыңғы жоғары пайызбен төлеуге тура келеді.

Сарапшылардың айтуынша, баж салығының төмендеуі отандық көлік тауарына еш әсер етпейді. Себебі, бағаны нарық реттейді. «Онсыз да доллардың өсуін сылтауратқан автодиллерлер көліктің бағасын шарықтатып жіберген», - дейді мамандар.

Эдуард Эдоков, Тәуелсіз көлік жүргізушілері одағының төрағасы:

- Баж салығының төмендеуі әу баста шешілген дүние. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болғанда баж салығы 15 пайызға төмендейді деп айтылған. Жеңілдіктің Қазақстанға пайдасы бар деп айта алмаймын. Алты пайызға арзандағанынан ештеңке өзгермейді. Көлікті сырт елден кіргізудің машақаты да көп. Отандық көлік саудасы одан тұралап қалмайтыны анық.