Алматы қаласында мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары тұрғын үйді іске қосу деңгейін арттырды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған салтанатты жиын барысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек айтты.
Мегаполис әкімі Елбасының бастамасы аясындағы «7-20-25» бағдарламасы бойынша Алматыда 5,1 млрд. теңгеге тұрғын үй несиесінің 36%-ы берілгенін атап өтті. Оның үстіне елімізде ұсынылған 1,5 мың пәтердің 40% -ы да осында.
«Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» бойынша таяудағы үш жыл ішінде 37 жатақхана салынады. Қазірдің өзінде 4 мың орынды 7 нысанның құрылысы басталды. Олардың төртеуі биылғы жылы пайдалануға беріледі. Өз кезегінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы қалада тұрғын үй салу деңгейін 7,5%-ға дейін көтерді. Бұл осы жылдың 7 айы ішінде 1 млн. шаршы метрден астам үй салынғанын көрсетеді», - дғеп атап өтті Бауыржан Байбек.
Айта кетерлігі, «Алматы жастары» қалалық тұрғын үй бағдарламасы бойынша соңғы екі жылда Алматы әкімдігі 3 млрд. теңге бөлді. Егер өткен жылы 100-ден астам жас отбасы жеңілдетілген жағдайда пәтер алса, биылғы жылы 200 пәтер бөлінетін болады.
«2020 жылға дейін жастарға қолдау көрсетудің Жол картасы» аясында жастарға арналған «Алматы Жастары» тұрғын үй бағдарламасы аясында 35 жасқа дейінгі жастар баспаналы бола алады. Бағдарламасының құндылығы - төмен проценттік көрсеткіште, яғни жылдық 5 пайыздық несиемен 10 млн. теңгеге дейін заем беріледі. Несиені қайтару мерзімі әркімнің төлеу қабілетіне қарай жеке жүргізіледі, 3-тен 25 жылға дейін.