Қырғыз елінің алдында жаңа мүмкіндіктер ашылды. 6 тамыздан бастап көрші мемлекет Еуразиялық экономикалық одақтың ресми әрі толыққанды мүшесі болды. Енді айырқалпақты ағайын белсенді интеграциялық үдеріске ілесіп, одақтас елдердің экономикасының нығаюына үлес қосуы қажет.
Қырғыз-қазақ шекарасын салтанатты түрде ашу шарасы келесі аптаға жоспарланған. Ал, бұл өз кезегінде көлік аламын деушілерге сеп болмақ. Демек бұрынғы шектеулер жойылады. Бірақ ЕЭО аясындағы талаптар негізінде рәсімделмек. Демек «Еуро 4» талабына сай келмейтін, рулі оң жақтағы темір тұлпар кіргізілмейді. Сарапшылар сөзіне сүйенсек, айырқалпақты көршіден көлік ағынын күтудің қажеті жоқ. Себебі Дүниежүзілік сауда ұйымына жол ашылғанда, таңдау аясы да кеңейеді. Ал, Қазақстан тек желтоқсан айында аталған ұйымның толыққанды мүшесі атанады. «Қазіргі уақытта көп адамдар ойлауы мүмкін, Қырғыз елінен біраз тауарлар келеді деп. Олар біздің нарықты басып қалады деп. Менің ойымша, ондай қорқыныш жоқ. Қазіргі уақыттың өзінде олар автокөлік бағасын көтеріп қойды. Оның үстіне келер жылдан бастап біз ДСҰ толыққанды мүшесі боламыз. Оның бүкіл шарттары орындалады»,- деді экономист Мақсат ХАЛЫҚОВ.
almaty.tv