Алматыда тестілік тәртіпте жұмысын бастаған қоқыс сұрыптайтын кешеннің тәуліктік өнімділік қуаты – 250 тонна. Бүгінгі күні тұрмыстық қалдықтар Медеу және Түрксіб аудандарынан қабылданып жатыр.
Бүгін Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева кешенді аралап, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Қазір зауытта екі желі іске қосылған. Осы аптаның аяғына қарай тағы екі желі қызметін бастамақ. Тұрмыстық қалдықтардан шикізат алу үшін қоқыс сұрыпталады. Одан кейін өңдеуге жіберіледі.
«Зауыт қыркүйек айында толық жұмыс істейді. Қазіргі кезде мегаполисте жылына 600 мың тоннаға жуық қоқыс жиналады, біз тұрмыстық қатқыл қалдықтарды сұрыптауда қаланы толық қамтымақ ойдамыз. Кешен аумағында қоқыс өңдеу зауытын салмақпыз. Қазіргі таңда оның өндіріс қуаты қанша болуы керек екенін есептеп жатырмыз», – деді инвестициялық компания директоры Дмитрий Данильченко.
Кешеннің жылдық өнімділік қуаты 550 мың тонна. Қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға арналған жоба құны 5 жарым миллиард теңге.
3,9 га аумаққа әкімшілік блок, Ұлыбританияда жасалған арнайы техниканың гаражы және озық итальяндық қондырғылармен жабдықталған негізгі өңдеу бөлмелері орналасқан. Кәсіпорынды іске қосу барысында 530 тұрақты жұмыс орны пайда болды.
Қала әкімшілігі мен жеке инвесторлар консорциумы арасында ұзақ мерзімге жасалған келісім кәсіпорынның барынша тиімді жұмыс атқаратынының озық моделі болады. Қазіргі кезде «Тәртіп» АҚ ТҚҚ-дың 70%-ын қамтиды. Компания балансында 236 техника бірлігі бар, қоқыс тасымалдайтын барлық көліктерде GPS жүйесі жұмыс істейді, планшеттер арқылы қоқыс алаңындағы жағдайлар түгел көрінеді. Ұзақ мерзімді келісімнің негізгі тармақтарының бірі автопаркті үнемі жаңарту және жұмыс процессін автоматтандыру болып табылады. Қазірдің өзінде Евро-4 стандартының 30 машинасы сатып алынды және бағыттарды диспетчерлеу жүйесі енгізілді.