14.08.2015, 05:57

Асхат Мырзабаев: «Миллион доллар табыс табу түк емес»

7kun.kz

Күні кешеге дейін бұл жігітті көп адам танымайтын. Тіпті оның қайда, қай салада жұмыс істейтінінен де жұрт хабарсыз еді. Оның танымалдығы қатерлі ісік ауруына шалдыққандар үшін қайырымдылық жасап, қомақты қаражат аударғаннан кейін арта түсті.

Ол – Асхат Мырзабаев. Небәрі 21 жасында Сан-Франциско қаласының (АҚШ) «Силиконды алқап» деп аталатын аумағындағы «Твиттер» компаниясына жұмысқа орналасқан алғашқы қазақстандық. Өзі жас, бірақ соған қарамастан жұмыс кестесі өте тығыз Асхат Мырзабаев  «Замана» газетінің тілшісіне арнайы сұхбат берді.

– Асхат, ең алдымен туып-өскен ортаң, отбасың жайлы айтсаң...

– Мен Атырау қаласының тумасымын. Отбасымызда анам мен ағам бар. Яғни мен үйдің кенжесімін. Мектепте оқып жүрген кезімде химия пәнінен олимпиадаларға қа­тысып, кішігірім жетістіктерге қол жеткізіп жүретінмін. Содан 2008-жылы Алматыдағы С.Демирель атындағы университетке инженер-бағдарламашы мамандығы бойынша оқу­ға түстім де, арада біраз уа­қыт өткен соң мамандық таңдауда қателескенімді ұқтым. Сөйтіп «Ютуб» желісі арқылы шетелдік профессорлардың ақпараттық технология жөнін­де жасаған лекцияларын тыңдап, осы салаға ден қоямын деп шештім. Сөйтіп универси­теттің 3-ші курсында оқып жүргенде АҚШ-қа кеттім. Бұл менің анам мен бауырымнан ажырап, алғаш рет жыраққа кетуім еді. Бастапқыда қатты қиналдым. Ағылшын тілін қан­ша жерден жетік білемін дегеніммен ол жақта қиындықтарға тап болдым. Сіңісіп кету үшін тәулігіне 14-15 сағат­ жұмыс істеуіме, білімімді шыңдауыма тура келді.

Осы ретте мен анама ал­ғыс­ айтсам деп едім. Ол кісі менің мамандықты дұрыс таңдауыма барынша жағдай жасады. Барлық жағдайда менің шешімдерімді қолдап отырды.

– Ал «Твиттерге» қалай бардың?

– Мен бағдарламалаудың бір тілін үйрене бастадым, нәтижесінде осы бағдарла­малау тілін  «Твиттер» қолданған тілге аудару мүмкіндігін таптым. Өзімнің тапқан тәсі­лімді ашық түрде интернетке салдым да, оларға менің амалымды «Андроид» и «ІOS» смартфон бағдарламалары үшін қолданған жағдайда қа­жетті нәтижеге екі есе жылдамырақ қол жеткізуге бо­латынын айтып хат жаздым. Олар алғашында менің ұсынысыма сенген жоқ. Ал 2011-жылы олар маған тәжірибе­ден өтуді ұсынды. Осылай үшінші курс­та оқып жүр­генімде «Силиконды алқапқа» жолым түсті.

– Онда нақты немен айналыстың?

–  Мен жұмыс жасаған бө­лім «Машиналарды машықтандыру, іздеу және реле­ванттылық бөлімі» деп аталды. Онда барша «Твиттерде» жұмыс істейтін 400-ге жуық қызметкердің 50-60-ы жұмыс жасады. «Твиттердегі» іздеу жүйесін жетілдіру сынды ше­шімдер мен басқа да трендтерге біздің команда жауапты болды.

Мен жеке өзім іздеуді же­тілдірумен және ұсыныс жасау жүйесімен айналыстым. Бұл жүйе қолданушыларға кей адамдардың қызықты жазбаларын оқуды автоматты түрде ұсынады. Әдеттегі қолданушы үшін мұның барлығы қарапайым нәрсе болып көрінгенімен өте қиын еңбекпен келеді. «Твиттер» жұмысын жетілдіру жолында біз бұ­ған дейін қолда­нылмаған ше­шімдерді пайдаландық.

-- Бірақ ол жерде көп жұ­мыс істемепсің ғой? Не се­бепті мұндай мүмкіндіктен бас тарттың?

-- Иә, ол рас. Мен 2013-жылы өз еркіммен жұмыстан босадым. Оған менің уни­вер­ситетті тәмамдауым себеп бол­ды. Сапалы дипломдық жұмыс жазып, тың идея­ларды жүзеге асыруға бел будым.

-- Нәтижесінде сенің дипломдық жұмысыңды «Май­крософт» компаниясы аттай қалап, сатып алды ғой.

-- Иә. «Твиттер» компаниясында менің бір кураторым болды. Ол менің Стенфорд университетінің профессорларымен танысуыма жағдай жасады. Сөйтіп мен Стенфорд және Беркли университет­тері­нің бірнеше профессорларымен танысып, тәжірибе­ден өттім. Олардың арасында Нобель сыйлығының математика саласындағы баламасы Филдс жүлдесінің иегері Ефим Зельман деген кісі де бар еді. Қысқасы, сол кісі­лермен бірге математикалық формулалар арқылы, мәселен, ұялы телефонмен түсір­ген қарапайым суреттердің 3D үлгісін жасайтын алгоритм ойлап таптық. Менің бұл жаңалығыма «Майкрософт» қы­зығушылық танытқанын есті­дім. Сөйтіп сатуға келісімімді бердім. Бұл шешіміме еш өкінбеймін. Мен ойлап тап­қан кішкентай ғана алгоритмді бүгінде әлемнің миллиондаған адамдары өз игілігіне пай­даланып жатыр. Сол үшін де қуанамын.

-- Асхат, ол туралы айту қиын шығар, бірақ денсаулы­ғыңа байланысты қиындықтар болыпты. Науқас жандар­ға қаржылай көмек көрсетуге осы түрткі болды ма?

–  Университетте оқып жүр­генімде маған «рак» деген диаг­ноз қойды. Бұл мен үшін өте ауыр соққы болды, тіпті ол туралы айтқым да кел­мейді... Меніңше, әлемдік дең­гейдегі проблемалардың бірі – қатерлі ісік ауруы. Оның себебі мен салдарын, одан құтылудың жолдарын іздес­тіру үшін ғылыми жұмыспен айналыссам ба деп ойлаған кездерім де болды. Сондықтан да «Барклайс» банктер тобында жарты жыл жұмыс істеп тапқан екі миллион долларымды халықаралық қорға аударамын деп шештім. Бұл шешіміме мүлдем өкінбей­мін. Себебі миллионды бір рет тапқан адам екінші рет те таба алады. Ақша, дүние деген – қолдың кірі. Адам одан да үлкен мақсаттарды алдына қоя білуі керек.

-- Бүгінде «Хайпо» деп аталатын жүйенің құрылтай­шысы екенсің. Осы туралы айтып берші, ол не, қызметі қандай?

-- Бұл бизнес жасаудың бір түрі. Яғни клиенттерге сапалы­ әрі пайдалы өнімдерді ұсына отырып, ақша істеуге болатын­ жүйе. Бұл жүйені Мүслім Жолдасбаев, Аслан Қоқаев, Шүкір Айтбаев секілді достарыммен бірге ойлап таптық.

«Хайпо» – ең алдымен жұмысқа қабілетті, карьералық өсу мүмкіндігі өте көп, яғни білімді адамдарға жұмыс табуға, олардың кәсіби білікті­лігін арттыруға арналған жер. Шынын айту керек, Қазақстанда адам капиталдарын қаржыландыратын компания өте аз. Сондықтан да 25-35 жас аралығындағы жұмысқа өте қабілетті мамандардың жолы болмай, өмірден өз орнын таба алмай, биік шыңдарды бағындыра алмай жүр. Олар­ға қолдау жетіспейді. Міне, біз осындай адамдардың ашы­луына, өзіне қажетті қызмет түрін таңдауына жағдай жасаймыз. «Хайпоны»болашақта әлемдік масштабтағы ком­па­ниялардың біріне айналдыруға күш саламыз.

-- Әңгімеңе рахмет, ісіңе сәттілік тілейміз.

Сұхбаттасқан -- С. ИКРАМҚЫЗЫ.