$ 442.05  474.14  4.74

Павлодар облысында индустриаландыруға қажетті білікті мамандар даярланып жатыр

2010 жылы елімізде алғаш рет Индустриалды инновациялық даму бағдарламасы іске қосылған сәтте оның сәтті жүзеге асуына күдікпен қарайтындар саны аз болған жоқ. Өйткені, елде дайын өнім өндіретін кәсіпорындар саусақпен санарлық қана еді. Оның үстіне, ол кезде істі дөңгелетіп әкететін білікті мамандар да тапшы болатын. Басым көпшілігі тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде шетелге кеткен немесе кәсібін нарыққа лайықты етіп ауыстырып алған. Ал, жастар болса техникалық-кәсіби колледжерге, арнайы мектептерге баруға арланатын. Ол заманның жастары тек құқық пен экономика, жағдайы барлары халықаралық қатынастар секілді мамандықтарды меңгерді. Соның салдарынан елде өнеркәсіпте жұмыс істейтін мамандардың тапшылығы қатты сезілді.

20 жылға жуық уақыт өтсе де дәл қазір кадр мәселесі толықтай шешіліп кетті деп айта алмаймыз. Дегенмен, Қазақстандағы зауыттарда қазір шетелдіктерден гөрі қазақ азаматтарының саны басым. Ал, индустриаландырудың алғашқы жылдарында бұл көрсеткіш керісінше болатын.

Өз жастарымызды кәсіптік-техникалық мамандықтарға қалай тартқанымыз көпшіліктің есінде болар… Бұл жұмыстар елде бірнеше бағыт бойынша атқарылды. Ең алдымен кәсіптік білім беретін мектептер мен колледж оқушыларына басымдық берілді, яғни бөлінетін гранттар саны еселеп артты. Нәтижесінде бұл салаға келуші жастардың қатары артты.

Екінші кезекте дуальды білім беру жүйесін айтуға болады. Бұл жүйе елімізде енді ғана қарқын алып жатыр. Яғни, оқушылар білімін партада отырып алса, оны тәжірибе ретінде кәсіпорындарда жалғастырады. Қазіргі таңда мұндай мектептер мен колледждер Қазақстанның барлық өңірінде жұмысын жүргізіп жатыр.

Маман даярлаудың үшінші жолы – жұмыссыз жүрген азаматтарды қайта оқыту. Кезінде басқа мамандық бойынша білім алып, кейін жұмыссыз қалған қазақстандықтар да индустриаландыру бағдарламасының шарапатын көріп отыр. Олар мемлекет есебінен қайта оқып, белгілі бір кәсіпті меңгеріп шықты да, қазір Қазақстандағы ірі кәсіпорындарда жұмыс істеп отбасын асырап жатыр.

Яғни, Қазақстан үеіметі қазір ИИД бағдарламасы арқылы әрі өндірісті жолға қойды, сол арқылы жұмыссыз азаматтардың қатарын еселеп азайтты.

Айтпақшы, күні кеше еліміздің Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Павлодар облысында болып қайтқан еді. Үкімет басшысы онда индустриаландыру бағдарламасы аясында жұмыс істеп жатқан зауыттардың жұмысымен танысты. Сондай-ақ, ол осы зауыттарға таптырмас мамандар даярлап жатқан Облыстық түсті металлургия колледжінде болып, оқу орнының базасымен танысты.

Премьер-Министр зертхана мен оқу сыныптарын аралап, техникалық-өндірістік базаны өз көзімен көрді. Колледж металлургия саласына металл жонушы, темір ұстасы, электр-газбен дәнекерлеуші мен электрмонтерларды дайындайды. Үшінші курстан бастап студенттер өндірісте жұмыс істейді. Былтыр білім ордасы 163 маманды дайындап шығарған. Олардың 97,3% жұмыспен қамтылды. Жақын арада Түсті металлургия колледжі базасында металлургия саласының уәкілетті орталығы ашылатын болады. 

Бақытжан Әбдірұлы болашақ металлургтер орналасқан жатақхананың тыныс-тіршілігімен танысты. Ғимарат 2017 жылы салынып пайдалануға берілген. Мұнда 200 баланың емін-еркін өмір сүруіне барлық жағдай жасалыпты. Тіпті, спорттық үйірмелер де бар.

Білім ордасының жұмысын қараған соң Премьер-Министр жоғары оқу орындары, колледж бен кәсіпорын басшылары және студент жастармен өнеркәсіптік индустрияландырудың жаңа моделіне мамандарды дайындау мәселесі бойынша жиналыс өткізді.

Жиын барысында техникалық саладағы кәсіби мамандарды даярлау, елімізде қолға алынып жатқан цифрландыруды дамыту кезенінде жұмыскерлерді қайта оқыту, колледждердің беделін көтеру, сонымен қатар төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы еңбек нарығының қазіргі жағдайы мен болашағы талқыланды.

Кездесуге қатысушылар ел экономикасын дамыту үшін жаңа зауыттардың құрылысы мен инвестициялардың тартылуымен қатар, жоғары білікті мамандарды даярлаудың қажеттілігін атап өтті. Жастарды шынайы экономикаға тартудың маңызды тетіктерінің бірі – техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКББ).

Аталған жиынға Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов та қатысқан. Ол Үкімет басшысына өңірдегі индустриаландыру бағдарламасының қалай жүзеге асып жатқанын айтты. Әкімнің сөзінше, Павлодар облысы – көпсалалы индустриалды кешен. Мұнда жақын уақытта 14 ірі инвестициялық жоба жүзеге асады екен. Жоспар сәтті жүзеге асса жаңа 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста білікті әрі бәсекеге қабілетті мамандарды даярлайтын ТжКББ жүйесін жаңғырту үдерісі басталды. Бүгінде 17 мың жас азамат тегін техникалық және кәсіптік білім алу мүмкіндігіне ие болды», – деді облыс әкімі Болат Бақауов.

Оның айтуынша, облыстың 45 колледжінде 46 мамандық бойынша қосарлы білім беру жүйесі іске қосылған. Облыстың кәсіпорындарымен ынтымақтастық туралы келісімшарттарға қол қойылып жатыр. Тікелей кәсіпорында өткізілетін оқу уақыты 80%-ға ұлғайтылды. Сонымен қатар, ТжКББ жүйесін жаңғырту аясында колледждерді сенімді басқаруға беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Б. Бақауовтың айтуынша, осылайша бірнеше міндет орындалады: экономиканың шынайы секторын білім беру саласына тарту, колледждердің инфрақұрылымы мен базасын сақтау және көбейту.

Кездесу барысында бейінді министрліктердің өкілдері де сөз сөйледі. Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев білім беру жүйесін дамыту туралы баяндады. Атап айтқанда, ЖОО-ларға академиялық еркіндік беру, колледждерді бір бағытқа бейіндеу және қосарлы білім беру жүйесін дамыту мәселелерін қозғады. Өз кезегінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова еңбек ресурстарының көшуін басқаруға қатысты сөз сөйледі.

«Біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еңбек ресурстарының ағынын басқару жөнінде кешенді жол карталарын әзірлеуге кірістік. Бүгінде еліміздің ірі кәсіпорындарымен жұмыс жүргізіліп жатыр. Павлодар облысында 19 кәсіпорынмен карталарға қол қойылды, облыстың 9-ға жуық кәсіпорны өндірісті жаңғыртуды жоспарлап отыр», — деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Сондай-ақ, кездесу барысында ірі кәсіпорындардың өкілдері сөз сөйледі. «Қазақстан алюминийі» АҚ президенті Р. Романов жастардың кәсіпорында дағдыларды үйренуі мен жұмысқа орналасуы туралы айтып берді. Қызыл әскер аграрлық-техникалық колледжінің директоры С. Жартыбаев ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша мамандарды даярлаудың басым бағыттары туралы сөз сөйледі. Қызыл әскер аграрлық-техникалық колледжінің жетекшісі А. Поляков, Павлодар мұнай-химия зауытының әлеуметтік мәселелер жөніндегі бас директорының орынбасары А. Имантаева қосарлы білім беру жүйесі бойынша студенттерді оқыту аясында колледждермен ынтымақтасу туралы айтып берді.  

ТжКББ бағдарламасы аясында практикадан өту кезінде жинаған тәжірибелерімен және өздерінің ойларымен Павлодар түсті металлургия колледжінің түлектері Т. Күлемшатов пен А. Маговьянов бөлісті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары