26 тамызда облыс басшысы Түркістан және Кентау қалаларындағы индустриялық аймақтың жұмысын тексерді.
«Әкім индустриялық аймақта болып, ондағы құрылыс-дайындық жұмыстары жүргізіліп қана қоймай, өнім бере бастағандығына көз жеткізді. Әрі Бейбіт Атамқұлов салынып жатқан нысандардың құрылысын жоспардан ауытқымай, мезгілінде бітіру үшін жергілікті әкімдерге барынша қолдау көрсетуге тапсырма берді», - делінген ОҚО баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сапар соңында облыс әкімі индустриялық аймаққа кіретін жобалардың басшылары мен Түркістан және Кентау қалаларының әкімдеріне аталмыш индустриялық аймақтың жұмысын тексеруге қараша айында қайта келетіндігін жеткізді.
Айта кетейік, осыған дейін Бейбіт Атамқұлов Түркістан қаласында болып, шаһардың тыныс-тіршілігімен танысқан болатын. Сондай-ақ, облыс басшысы шаһардың орталық базарын аралап, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының негізсіз өсу фактілерінің жоқтығына көз жеткізді. Осылайша, облыс әкімі қала әкімдігінің жұмысына оң баға беріп, азық-түлік тауарларына бағаны өсіруге жол бермеу туралы нақты тапсырмалар берді.
Еске сала кетейік, 8 тамызда мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Бейбіт Атамқұлов Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған болатын. Ол бұған дейін Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы лауазымында қызмет атқарған.