Қалалық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы саяхат жайлы әлемдегі ең ірі TrіpAdvіsor туристік сайтымен бірлесе DATA сандық технологиялар академиясы TrіpAdvіsor» конференциясын өткізді.
Үш күнге созылған конференция Орталық Азия бойынша Алматыда тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Ондағы мақсат – Алматының туристік әлеуетін озық сандық технологиялар арқылы дамыту.
Конференцияда E-Tourіsm Frontіers Case зерттеулеріне негізделген ақпараттар айтылып, әлеуметтік желілер мен саяхат технологиялары бойынша соңғы жаңалықтар сөз болып, сандық және контент-маркетинг бойынша желілік талдау, практикалық сабақтар және қызу пікірталастар болды. Сондай-ақ, саяхатты жоспарлау, тапсырыс беру және сатып алудан бастап туристік жоспарлаудың жаңа үрдістері туралы әңгімелер айтылды.
– Навигация, сондай-ақ саяхатты жоспарлаудың Онлайн-қызметтерін қолданушылар саны жыл санап артып келеді. Соңғы екі жылда сондай онлайн-қызмет түрін туристердің 83 пайызы қолданған. Туристер қонақүй, авиабилет, экскурсия, көлікті жалға алу, тіпті, мейрамханадан үстел брондаудың өзіне онлайн қызметтерді пайдаланады. Көптеген компаниялар мұны ескермей, ақшаны ешкімге керексіз әрі қызықсыз буклеттер, баспа материалдарына жұмсайды. Сондықтан жарнамаға бөлінген қаражатты сандық маркетингке бөлу керек, – деді TrіpAdvіsor маркетинг менеджері Чад Шивер.
Туристік салаға қатысы бар мамандардың барлығының басын қосқан DATA конференциясы бұған дейін Жапония, Греция, Камбоджа, Кения, Сингапур, Сейшель аралдары, Индонезия, Марокко және Виктория сарқырамасында өткізілген.
– Қазір адамдар ақпаратты мобильді телефон, интернет платформалар мен әлеуметтік желілер арқылы алып үйренді. Бірақ тәжірибе көрсетіп жатқандай, кәсіпкерлер мен туристік саладағы басшылар бұл трендтің маңыздылығын сезіне алмай келеді. Өзіңнің кәсібіңді ғаламтор арқылы тиімді жүргізгің келсе, заманауи маркетинг құралдарынан сауаттылық қажет. Осы мәселенің маңыздылығын әрі Алматының туристік әлеуетін ескере келе, біз осы шараны ұйымдастырдық, – деді Алматы қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Мақсат Қиқымов.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, осы жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында Алматы әуежайы арқылы шаһарға 343 мың турист келген. Оның ішінде 23 мың адам қызметтік іс-сапармен келсе, 11 мың адам туристік сапармен келген. Қалған 283 мың адам жеке істерімен келгендігі тіркелген. Ал 2017 жылы шаһарды 508 мың турист тамашалаған. Ал осы келген саяхатшылардың көбі қай елден деген сұраққа жауап берсек, алдыңғы қатарда Ресей Федерациясы тұр, яғни 89 мың турист көрші елден келген. Одан кейін Қытай, Өзбекстан мен Қырғызстан, Түркия, Тәжікстан, Үндістан, Оңтүстік Корея, Украина, ең соңғы орында Америка Құрама Штаттарынан 10 мың турист келген.
Ал еліміздің өзге өңірлерінен Алматыға пойыз арқылы саяхаттап келетін туристер бойынша 2017 жылы шаһарға ең көп турист Ақмола облысынан келген. Одан кейінгі орында Оңтүстік Қазақстан облысы тұрса, үшінші орында Шығыс Қазақстан облысы тұр.
Туристердің ең көп қоятын сұрағы қандай десек, «Көк-Төбе, Медеу, Шымбұлаққа қалай барады?» деген сауалды респонденттердің 19 пайызы қоятын көрінеді. Одан кейін таксиге тапсырыс беру, төлемақы жүйесі қандай және көлікті жалға беру жайлы сұрайды екен. Үшінші орында туристерді қызықтыратын сауалдар – «Үлкен Алматы көлі, Шарын шатқалы мен Қайыңды көлі және Алтын Емел қорығына қалай барамыз?» деген сұрақтар. Айтпақшы, «Оңай» картасын қай жерден сатып алуға болады және қалай толтырамыз деген сауал да туристердің жиі қоятын сұрағы.
Айта кетейік, егер Қытай Халық Республикасы мен Үндістан азаматтары қазақстандық әуекомпаниялар арқылы Алматы мен Астанадан үшінші елге ұшатын болса, олар Қазақстанда 72 сағат бойы визасыз жүре алады. Осы жылдың бірінші тоқсаны бойынша ресми мәліметтерге сүйенсек, Үндістанның 1201 азаматы, қытайлық 2904 азамат визасыз режимді пайдаланып, Қазақстан арқылы үшінші елдерге ұшқан.
Турстаттың мәліметіне сүйенсек, «2018 жылғы жаз айларында Ресей туристері үшін ТМД-ғы ең танымал 10 қала» рейтингінде Алматы үшінші орыннан көрінді. Әзірге Баку мен Минск біздің алдымызды орап тұр.
Жоғарыда біз сөз қылған TrіpAdvіsor сайтынан қонақ үйлер мен көңіл көтеру орындары, қалалардың көрікті жерлері жайлы 661 миллионнан аса түрлі пікірлер мен шолулар таба аласыз. Бұл әлемдегі ең ірі туристік сайттың 70 миллионға жуық жазылушысы бар. Ай сайын сайтты орташа есеппен 456 миллионнан аса қолданушы пайдаланады.