Жаңаөзен қаласын дамыту үшін әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарын және моноқалаларды дамыту бағдарламасын іске асыруға ағымдағы жылы 7 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы бүгін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Ілмұханбетова хабарлады.
«Жаңаөзен қаласында әрқайсысы 320 орындық 4 балабақша, медицина орталығы, шағын ауданішілік жолдар салынып, электр, су желілерін жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Шағын ЖЭО ауыстыра отырып, орталық қазандық жөнделіп, кеңейтілуде. Тәулігіне 30 мың текше метр су тазалайтын ауызсу құрылғысын салу жұмыстары жасалуда», - деді ол.
«Бизнестің жол картасы-2020» аясында шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау тұрғысынан алғанда, Жаңаөзен қаласының кәсіпкерлерінің жобалары облыс мақұлдаған жобалардың жартысынан көбін құрайды.
«Осы жылы бірінші жартыжылдықта облыс орталығының жобалары 40 пайызды құрайды, қалғаны Жаңаөзен мен ауыл бизнесмендерінің жобалары», - деп атап өтті кәсіпкерлік, сауда басқармасының басшысы Венера Мұстапова. Бұдан басқа, республикалық та, жергілікті бюджет есебінен де халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтуын несиелендіру қолға алынған. Ауылдық аумақтарды дамыту мәселесі де шешілуде.
Айта кетейік, Маңғыстау облысындағы қала, қалалық әкімшілік орталығы. Облыс орталығы — Ақтау қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 150 км жерде, Маңғыстау үстіртінің оңтүстік-батыс етегіндегі жазық шөлді белдеуде орналасқан. Тұрғыны 48,9 мың адам (1999).
Алпысыншы жылдардың басында Өзен кенорнына барлаушы-геологтар түпкілікті қоныстанып, өздерінің зерттеу-барлау жұмыстарын жоспарлы жүргізді. Қызылсайда алғашқы мекен-жайлар пайда болып, жан-жақтан халық жинала бастады. Алғашында жертөлелер мен вагондар орналастырылып, соңынан сол маңдағы жерқабақтардағы жұмыс тастарды тұрғын үй тұрғызуға пайдаланады. Сөйтіп барлаушы-геологтар мекені Өзен поселкесі пайда болды. Түбекті игерушілердің жанқиярлық еңбегі босқа кетпеді. Алпысыншы жылдары Өзен кенорнынан газ бен мұнайдың көзі ашылды. 1964 жылы қазіргі мұнайшылар қаласының қазығы қағылып, қала типтес жұмысшы поселкесі пайда болды. Онда Маңғыстау жарты аралында тұңғыш рет мұнай кәсіпшілігі басқармасы құрылды, бұл өлкеде екпінді құрылысшы бригадалары жасақталып, тұрғын үйлер мен мәдени нысандарды салу жұмыстары жүргізілді.
1968 жылы 21 қазанда Қазақ КСР Жоғары Кеңес Президиумының қаулысымен Гурьев (қазіргі Атырау) облысы құрамында Өзен ауданы құрылып Жаңаөзен поселкесі қала статусын алды.